Сотталғандар туыстары алып өте алмаған заттарды ақысына келісіп, түрме қызметкерлері арқылы алғысы келеді
Қос медициналық қызметкер тыйым салынған заттарды тар қапасқа алып кірген. Жалпы, Алматы облысындағы түзету мекемелерінде өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген 7 дерек тіркелді. Олардың жартысына сот үкім шығарса, қалғандары бойынша процесс жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысына қарасты ЛА 155\12 мекемесінде қаншама айы мен күнін, күзі мен көктемін өз қолдарымен темір торға матаған 870 адам бар. Олардың 600-ге жуығы жеңілдетілген, ал 220-дан астамы қалыпты жағдайда жазасын өтеп жатыр. Демек, жақсы тәртібімен көзге түскендер жақындарымен жиі кездесіп, сәлемдеме ала алады. Бірақ түрмеге суық қару, ақша, бағалы заттар, алкогольді ішімдіктер, есірткі, ойын картасын әкелуге болмайды. Мұнда тәртіп қатал. Полицейлер түрмеге әкелген сәлемдемені алдымен қолмен тексеріп шығады. Кейін құрылғы арқылы қарайды.
Сотталғандар туыстары алып өте алмаған заттарды ақысына келісіп, түрме қызметкерлері арқылы алғысы келеді. Басты сұрайтындары - ұялы телефон екен. Былтыр Алматы облысына қарайтын 6 түрмеде 7 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелді. Олардың басым бөлігі, белгілі бір сомаға келісіп, сырттан телефон кіргізбек болған.
«Түзету мекемесінде сыбайлас жемқорлықты дер кезінде анықтау қиынға соғады. Себебі, сотталғандар бас пайдасын ойлап, сыр білдірмейді. Дегенмен, былтыр біз 6 деректі өзіміз анықтадық. Бүгін Ұлттық ұланның әскерилерін, полицейлерді жинап жиын өткіздік. Басты мақсатымыз - түрмеде жемқорлыққа жол бермеу. Қазір мұндай шараларды жиі өткізіп жүрміз», - деді ҚР ІІІМ Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік ӘБДІКӘРІМОВ.
Ал Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандардың жағдайына қарап, тыңдайтын құлақ бар дейді. Мұнда жасақ басшысы, түрме әкімшілігі тіпті арнайы прокурор да қарастырылған. Олар күн сайын жазасын өтеп жүргендерді қабылдайды. Бет жүзін жасыруды сұраған 29 жастағы Юнусжан оқыста адам өлтірген. 17 жылға сотталған ол қандай қиын жағдай болса да жазасын өтеу міндетім деп санайды. Бірақ барлығының құқығы тапталмайды дейді.
«Әкімшілік мағае отыр десе, отырам, тұр десе тұрам. Ол – менің міндетім. Жазамды өтеп жатқан адаммын. Отырғаныма да 10 жыл болды. 10 жылдың ішінде әкімшілікке шағым айтып көрген емеспін. Бір нәрсе болса, мекеменің бастығы бар. Мекеменің бастығы шеше алмаса, жоғары жақта шешетін адамдар бар», - деді жазасын өтеуші.
Биыл Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің құрамы 70 пайызға жаңарған. Былтыр теріс себептермен 20 адам жұмыстан кетсе, 20-сы өз еркімен қызметтен бас тартыпты. Ал 30 шақты полицей жасы ұлғайғандықтан зейнетке шыққан. Сондықтан, жаңа құрамға сыбайлас жемқорлыққа тойтарыс беруді үйрету маңызды дейді басшылық.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы телеарнасы