Солтүстік Қазақстанда жабайы құстар қырылып жатыр

19.09.2020 01:31

Облыс орталығында коммуналдық қызметтер көгершін мен торғайлардың өлі денелерін жинаумен әлек

Pixabay

Солтүстік Қазақстанда үй құстары былай тұрсын, енді жабайылары да жаппай қырылып жатыр. Облыс орталығында коммуналдық қызметтер көгершін мен торғайлардың өлі денелерін жинаумен әлек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеше ғана өңірдің 7 бірдей ауданында құс тұмауы ошақтарының анықталғанын айтқан едік. Артынша 10 елді мекенді карантинге жабу туралы шешім қабылданды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулысы бойынша, құстар мен құс шаруашылығы өнімдерін, мамықты, қауырсындарды, жемді, құс шаруашылығында пайдаланылатын жабдықтарды карантин аумағынан шығаруға тыйым салынды. Ал, сау құстарға вакцина егіліп, олар ветеринар мамандардың бақылауында болады.

«Облысымыздағы жаңағы айтқан ошақтар бойынша қаулы қабылданғаннан кейін біз әрі қарай іс шараларды өткіземіз.Қазіргі таңда тек қана мониторингтік жұмыстар өткізіліп жатыр. Біздің мал-дәрігерлік мамандар үйлерді аралап қаншама құс бар екенін, қаншама құс өлімге ұшырағанын анқытаумен жүр. Және де мал иелері арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.