Зейнет жасына жеткендер жыл соңына дейін құжат тапсырып үлгеруі тиіс

07.12.2021 01:59

1 қаңтардан кейін құжат өткізгендер 60,5 жаста зейнетке шығатын болады

Almaty.tv

Зейнет жасына жеткендер жыл соңына дейін зейнетақы төлемдерін рәсімдеп үлгеруі тиіс. 31 желтоқсанға дейін құжат тапсырып үлгермегендер келесі жылға қалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Тиісті ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай ескертпе 2013 жылы қабылданған заң негізінде жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Зәуре Еркінбекқызы – 40 жылдан астам медицина саласында еңбек еткен білікті маман. Биыл 60-қа толды. Бүгін зейнетке шығу үшін құжаттарын өткізуге келген. Бейнетінің зейнетін көретін шаққа аман-есен жеткеніне қуанышты. Оның айтуынша, өтінішті халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, үйден онлайн тапсыруға да болады екен. Егде адамдар үшін мұнда барлық жағдай жасалғанын айтады.

«Денсаулығым жараса, медицина саласында ары қарай да жұмыс істейтін ойым бар, шыны керек. Осы салада зейнетке шығып жатырмын, қуаныштымын, Алла денсаулық берсін», – дейді қала тұрғыны Зәуре Әліпбаева.

Биыл әйел адамдар зейнетке 60 жасында шығады. Бұл жас көрсеткішіне жыл сайын 6 айдан қосылып отырады. Осылайша, әйел адамдар үшін ең жоғары шекті жас 63-ке барып тоқтайды. Мамандар 1961 жылы туылған әйелдерден орталыққа барып, зейнеткерлікке құжат тапсыруын сұрайды. Ол үшін өзінің және балаларының жеке куәлігі мен еңбек кітапшасы қажет. Құжат өткізу уақыты шектеулі, яғни 31 желтоқсанға дейін ғана қабылданады. Ол кезеңнен кешіктіріп, 1 қаңтардан кейін өткізген жағдайда...

«1 қаңтардан кейін өткізген жағдайда бұл кісілердің жасына 6 ай қосылып кетеді. Яғни, 60,5 жаста шығады, өкінішке қарай. Немесе өздері бара алмаған жағдайда, бұл кісілер ноторауис арқылы сенімді тұлғамен, яғни сенімхат арқылы туған-туыстарын жіберуіне болады», – деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Қарлығаш Бимурзаева.

Айта кеткен жөн, Алматы қаласы бойынша биыл 60 жасқа толған 6 020 әйел адам тіркеуде бар. Тиісті басқарманың хабарлауынша, бүгінгі дейін олардың 4 158-і зейнеткерлікке құжаттарын тапсырып үлгерген. 

Сондай-ақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы зейнетақы мөлшері 7 пайызға дейін өседі. Бүгінде еліміз бойынша ең төменгі зейнетақы көлемі – 43 272 теңге. Жаңа жылдан бастап бұл көрсеткіш 46 302 теңгені құрайтын болады. Бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде де өзгеріс бар. Қазір ол 2 917 теңге болса, 1 қаңтардан бастап 3 063 теңгеге өседі. Сонымен қатар биыл 42 500 теңге болған ең төменгі жалақы мөлшері келер жылы 60 мыңға дейін көтеріледі. 

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы