Тұрғындар көпқабатты үйдің жертөлесіндегі моншаны жабуды талап етті

31.03.2022 01:42

Халық заңсыз жұмыс істеп келе жатқан моншаның кесірінен үйдің іргесі үгітіліп кетті дейді

Almaty.tv

Алматылық тұрғындар саунаға айналған көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесін жабуды талап етті. Халық заңсыз жұмыс істеп келе жатқан моншаның кесірінен үйдің іргесі үгітіліп кетті дейді. Оның үстіне, нысанды жеңілжүрісті қыздар да жағалайтын болған. Ал санитария мамандары мекеме жекеменшікте болғандықтан, тексеріс жүргізуге шамамыз жетпейді дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

    

Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан үйдің бірінші қабаты түгелдей коммерциялық мақсатта қолданылады. Алайда дәл іргедегі ресторан халықты әбігерге салғанға ұқсайды. Тұрғындар шулы музыкадан, дұрыс орнатылмаған түтін мұржасы мен ретсіз жасалған шатырдан әбден мезі болдық дейді.

«Ресторан азық-түлік заттарын тура есік алдынан кіргізіп-шығарады. Бұған түбегейлі тыйым салынған. Шатырды да дұрыс құрастырмаған. Құрылыс нормаларына сәйкес, шатыр балконның түбіне қарай қатты жақын тұрмауы тиіс», - деді Бостандық ауданының тұрғыны Павел Плотицын.

Ресторан иелерін түсіру тобымыз орындарынан таба алмады. Бірақ нысан әкімшісі айтылған сын-есткертпелер негізсіз дейді.

«Біз нақты белгіленген регламент бойынша күндізгі сағат 12.00-ден түнгі 2.00-ге дейін жұмыс істейміз. Ешқандай жанды дауыстағы музыка жоқ. Тек сүйемелденетін музыка, яғни оның дауысы шығар-шықпас естіледі, білінбейді», - деді ресторан әкімшісі Әмина Ысқақова.

Бәрінен бұрын жұрт осындағы моншаға айналып кеткен жертөленің жұмысына ашулы. Саунаға келушілер осы ресторан арқылы кіреді екен. Тұрғындар түнгі көбелектердің қаптап кеткені сонша, түнде тыныштық жоқ дейді. Оған қоса моншаның кесірінен үйдің іргетасы үгітіліп кетеді деп алаңдайды. Ал кешен иелері тұрғындардың бұл шағымына пысқырып та қарамайтын сыңайлы.

Ал санитария мамандары жекеменшік мекемені тексере алмайды. Өйткені кәсіптік нысандарды бақылауға салынған мараторий қолға байлау болып отыр дейді.

«Тұрғын үй жертөлесіне сауна салу санитарлық нормалар бойынша дұрыс емес. Монша заңсыз жұмыс істеп жатыр. Бірақ жауапсыз кәсіпкерлер осылайша мораторийді сылтауратып, заңсыз амалдар жасайды», - деді Бостандық ауданы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Егор Таркинский.

Дегенмен қоғамдық тамақтану орнын қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары тексеріп, ешқандай заңбұзушылықты анықтамаған. Бірақ нысан иесі шатырды түзетуге қатысты ескерту алып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Назкен Еркін, Аянрафи Нәрікбаева, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы