Нұр-Сұлтан маңындағы ауыл тұрғындары қызыл сумен өз бетінше күресуге мәжбүр

Нұр-Сұлтан маңындағы ауыл тұрғындары қызыл сумен өз бетінше күресуге мәжбүр
Елорда маңындағы даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов ауылының көшелері су астында қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда маңындағы даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов ауылының көшелері су астында қалды. Ауыл халқы қолдарынан келгенше табиғаттың мінезімен өз беттерінше күресіп әлек. «Жергілікті атқамінерлер хал-жағдайымызға көңіл бөлуден қалған» дейді тұрғындар. Күн жылынғанда келетін судан қажымұқандықтардан өзге, Талапкер ауылының жұрты да қорқып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлемге аты мәшһүр, қазақтың біртуар азаматы, палуан Қажымұқан Мұңайтпасов ауылы көктем келгенде осындай кейіпке енеді. Күн жылынысымен Нұр-Сұлтаннан 18 шақырым жер шағын көлшікке айналады. Жұмыстан келген ересек пен сабағы аяқталған мектеп оқушылары бос отырмайды. Келген суды қолдағы бар амалымен қайтаруға тырысады.

80 жастағы Күлжан Бегалина балаларының жайлылығы үшін Қажымұқан ауылына көшіп келген. Жасым келгенде немере бағып, солардың қызығын көремін деген әжей бұл қадамына әлі өкінеді. Ауыз су жоқ, кейде өшіп-жанатын жарық пен жолдың да салынбауы әулеттің күнін қиындатып жіберіпті. Әкімшілік жағдайды жасаймыз деген құр уәдеден басқа ештеңе айтпайды.

«Не қызық көрдік? Бейнеттен басқа, көріп жатқан ешқандай қызығымыз жоқ. Таң атса қар күрейміз, анау бала күрекпен суды ары лақтырады, бірақ су бері қайтып келеді. Міне, осы көрген күніміз», – деп күйнеді тұрғын Күлжан БЕГАЛИНА.

Ерік Едресов Қажымұқан ауылына алты жыл бұрын қоныс аударған. Жағдай жылдан жылға нашарламаса, жақсарған күні аз дейді. Қажымұқандықтар балаларын көшелер суға толып, жер балшық болғанда мектепке балаларын жіберуге қорқады.

«Көктем болса, көретін күніміз осы. Не кіре алмаймыз, не шыға алмаймыз. Үйде отырамыз. Балабақша алыста. Мектепке баратын кішкентай балалар бар. Бірақ амалсыздан, осылай отырамыз. Әкімдер мүлдем жұмыс істемейді», – дейді Ерік ЕДРЕСОВ.  

«Қиналамыз енді. Мектепке әрең дегенде барамыз. Оқимыз. Қараңғы болғанда батпаққа құлап, зорға келеміз. Әкімдер жол саламыз деп айтпайды. «Жол саламыз» деп өтірік айта береді. Бір жыл болды өтірік айтқанына», – дейді Нұртас ЖАНҚОЖА атты балақай.

Нұр-Сұлтанның жанындағы Талапкер ауылына да қызыл су жақындап қалған. Тұрғындар саны 3 мыңнан сәл асатын елдімекендегілер табиғаттың тосын мінезімен өздері күресіп үйренген. Өйткені, екі ауылға да бір Целиноград әкімшілігі жауапты болған соң, жағдайы да бірдей.

«Су өткіземіз деп уәде беріп еді, әлі өткізілген жоқ. Оның үстіне, әрқашан су басады да жатады», «Суды осылай өшіріп тұрамыз. Өз күшімізбен жабуға тура келеді. Қолымыздан басқа не келер дейсіз», – дейді шарасыз тұрғындар.

Біз су тасқынына қарсы жұмыс туралы әкімнен сұрағымыз келді. Алайда түстен кейін Талапкер ауылдық округінің әкімі мен қоластындағыларды орнынан таба алмадық.

Ал төтеншеліктердің айтары бөлек. Тұрғындардың өздері дер кезінде жиналған қарды үй алдынан шығару керегін еске салады. Алайда, барлық оқыс жағдайға сақадай саймыз дейді.    

«Ия, Талапкер ауылын су алып жатса, қолымызда көптеген техника бар, солардың көмегіне жүгінеміз. Қазіргі таңда ПНС атты екі техникамыз бар. 600-ге жуық коммуналдық шаруашылықтың техникасы. «Көктем-2019» республикалық жаттығу барысында 185 адамның дайындықтарын пысықтап алдық», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан АМАНБАЕВ.

Жауаптылар енді ғана дайындықты пысықтап жатқанда, кейбір жерде су тасып жатқан көрінеді. Әлеуметтік желіге тараған бейнежазба авторына сенсек, су басу оқиғасы Қарағанды облысындағы Федоров су қоймасында орын алған.

Айта кетейік, күні кеше жауапты мамандар Қарағанды мен Ақмола облысындағы Майбалық және Вячеслав су қоймаларын аралады. Олардың айтуынша, жағдай қалыпты. Бірақ Нұр-Сұлтан маңындағы 34 аймақ су астында қалу қаупі бар дегенді де тілге тиек еткен.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров