ТЖ: Табысынан айырылған адамдарға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем жасалады

29.03.2020 01:40

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен онлайн конференцияда Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мәлімдеді

stan.kz

Төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған адамдарға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем жасалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен онлайн конференцияда Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім, 23 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай туралы мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған адамдарға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем жасауды тапсырды. Аталған төлемдер ашық өтеді және ресми жұмыс істеген адамдарға төленетін болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыған орай тиісті ереже қабылдады», – деді Нұр-сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле НҰРҒОЖИНА.

Аталған әлеуметтік төлемді орта және шағын бизнес субъектілерінде жұмыс істейтіндер, жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер алатыны белгілі болды.

Төлемді алу үшін Төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейінгі 12 ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына кем дегенде үш ай төлем аударылған болуы тиіс.


«Төлем алу туралы өтініш жұмыс берушіге Электронды үкіметтің веб-порталы арқылы жіберіледі. Ол үшін қажетті құжаттардың сканерленген нұсқасы мен электорнды қолтаңба керек», – деді Нұр-сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле НҰРҒОЖИНА.

Нұр-Сұлтанда қазір әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін 72 өтініш келіп түскен. 15 қызметкерге байланысты оң шешімдер шығарылып, мемлекеттік корпорацияға жіберілді. Төлемдер келесі аптада жүргізіледі. Бір азаматқа берілмеді. Себебі қолданыстағы жеке кәсіпкерлігі бар. Бұдан бөлек, баспасөз мәслихатында таксистер мен бала бағушылар да әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы екені айтылды.

«Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бұл адамдар қызмет көрсете алмай, үйде қалды. Осы себептен олар 42500 теңге көлеміндегі төлемді алуға құқылы. Оларға тек бір құжат тапсыру қажет. Бұл – өтініш. Бұдан соң біз базадан соңғы 12 айдағы үш айдан кем емес мерзімде әлеуметтік төлем жүргізді ме, жоқ па қарайтын боламыз», – деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төрайымы Гүлбағила БОЛАТБЕКОВА.

Таксистер мен бала күтушілер 2018-жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлемін төлеп келеді. Бұл категория Нұр-Сұлтан қаласында ай сайын 2651 теңгеден төлем жүргізіп тұрады екен.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан