Алматы іргесіндегі Байкент ауылын қандала басты

elements.envato.com
elements.envato.com
Жергілікті жұрт биліктен нақты іс-әрекеттерді жасауды сұрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Байкент ауылы 4 күннен бері ағаш қандаласымен күресіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ауыл тұрғындары елдімекенге жақын орналасқан қоқыс алаңы жағдайды ушықтырды деп отыр. Себебі, аумақ маңы өртенгеннен соң,  үйлердің ауласы түгелдей жәндікке толған. Салдарынан жұрт далаға шығудан, балалар ойын ойнаудан қалды. Оның үстіне аймақта қолаңса иіс те көпшіліктің мазасын қашырды.

- Тауық фермасы бар. Соның салдары деп отырмыз. Өйткені үйіміздің жанына жақын жерде қалдық төгіліп жатыр. Сол жерден шыбын-шіркей, қандала басып қалды, - дейді Байкент ауылының тұрғыны Қарлығаш Әділбекова.

Аталмыш жәндік биыл қаптап кетіпті.

- Жер телімін сатып аларда бізге ешкім мына жерде иіс бар, қоқыс бар деп айтқан жоқ. Еңбектеніп тапқан ақшамызға сатып алдық. Енді мына иіске төзі мүмкін емес. 7-8 жылдан беріп тұрып келеміз. Балаларымның денсаулығы нашарлап кетті. Қыс бойы қызуы көтеріліп, үнемі ауыра береді, - дейді Байкент ауылының тұрғыны Кәмшат Жұмабаева.

Иіс пен жәндік атаулының шабуылынан шаршаған жұртқа көмек беру үшін жергілікті әкімдік өкілдері де келіпті. Тиісті талдаулар жасалып, жәндіктен сынама да алынған екен.  

- Республикалық фитосанитария, диагностика орталығынан мамандар келіп, жаңағы жәндіктерден үлгі алды. Оны аймақтық карантиндік зертханаға, қалаға жіберді. Ол үш күнде дайын болады деген. Біз енді соның нәтижесін күтіп отырмыз, - дейді Байкент ауылдық округі әкімінің орынбасары Гүлжан Сақыпова.

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, халық наразылық танытқан соң, жергілікті билік құс фабрикасының басшылығымен сөйлесіп, аумақты тазартқан. Одан бөлек, бүгін қоқыс алаңына жақын 3 көше дәріленіпті. Әкім орынбасары сынама нәтижесі шығып, зерттеу қорытындысы белгілі болғанда атқарылатын жұмыстар тағы да нақтылана түсетінін айтты. Ал құс фабрикасының экологы бізге мән-жайды былай деп түсіндірді.

- Байкент деп аталатын құс фермасында барлық экологиялық құжаттары талапқа сай рәсімделген. Қоқыс алаңындағы қалдықтар бізде дер кезінде шығарылады. Тауықтың тезегін төгетін бөлек алаң бар. Тезек қоймасы дейміз. Кейін ол тезек шаруа қожалықтарына тыңайтқыш ретінде беріледі. Сондықтан ол жақта сасықтың болуы мүмкін емес, - дейдіқҚұс фермасының эколог маманы Сейітхан Мұқанов.

Тұрғындар мәселеміз қайткен күнде де шешілсе екен дейді. Сондықтан жергілікті биліктен нақты іс-әрекеттерді жасауды сұрайды.

Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Апатты үйдің азабы: атыраулық тұрғындар баспана астында қалуға қорқады


Новости партнеров