Әкімдік бұл аулада жерасты суы болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр
Ұлытау облысында тұрғын үйлерді су басты. Бұл жолғы қауіп тек еріген қардан емес. Ел-жұрттың есін кәріз суы да алып отыр. Ал азаматтар аталған мәселенің шешілмегеніне 6 жылдан асты деп шағым айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәтбаев қаласына қарасты Гурба көшесінің үйлері су астында қалғалы алты айға жуықтаған. Шырыл қағып, талай есікті қаққанымен, әзірге тұрғындар сұрауына жауап болмаған көрінеді. «Үйді қар суы басып, іргетас шайылып бара жатыр» деген азаматтар мәселеге бас қатырмаған жергілікті билікке наразы.
– 2018 жылы көшіп келгенмін, жыл сайынғы көрініс – осы. Көктемде, күзде басқан су үй ішіне дейін жетеді. Негізі қар еріп, көлшікке айналатын, биыл кәріз құбырынан аққан су қосылды. Қала әкімдігіне бірнеше рет хабарластық, хат та жаздық. Оған жауап келді, бірақ нақты бір шара қолданбайды, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Наталья Блинова.
– Неге ешкім мәселемізге бас қатырмайды? Үнемі қоңырау шаламыз, тіпті тұтқаны көтермейді. Әкімдікті былай қойғанда, бірнеше мәрте тазалық, жылу және сумен жабдықтау кәсіпорынына хабарластық. Ешкім жауап бермейді, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Вероника Бутанова.
Түсірілім барысында жиналған суды соруға келген көлікті көрдік. Алайда келуінен кетуі тез болған коммуналдық қызмет сол күйі жағдайды қалыпқа келтірмеді. Іле-шала мәселені алға тартып, қалалық әкімдікке хабарласқан едік, олар 2023 жылы аталған үйдің апатты деп танылғанын айтты. Оның үстіне, жаңа үй салу үшін алғашында инвесторлар тұрғындармен келіссөз жүргізген. Бірақ олар ұсынған баға пәтер иелерінің көңілінен шықпаған.
– Гурба көшесі, №4 үйдің алдына жиналған, еріген суды тарту бойынша Сәтбаев қаласының жылу мен сумен жабдықтау кәсіпорны жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін аталған мекеменің көмегімен үйдің маңына қиыршық тас төселген. 1956 жылы бой көтерген ағаш үй 2023 жылы апатты деп танылған. Тұрғын үйге ЖКЦ 1 қызмет көрсетеді, – деді Сәтбаев қаласы әкімі аппараты баспасөз бөлімінің басшысы Назерке Сапарбек.
Әкімдік бұл аулада жерасты суы болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Сондықтан арнайы зертхана іске кіріспек. Ал су тартылған соң құбырлар да қайта тексеріледі.
Екі қабатты әрі апаттық жағдайда тұрған бұл үйде 8 отбасы тұрады. Тұрғындардың шағымы бойынша келген коммуналдық қызмет үйге кіріп-шығу үшін өткел жасап қойған. Алайда бұл мәселені шешпейтіні анық.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Бұрынғы әйелін кепілдікке алған түркістандық жансақтау бөлімінде жатыр