Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласының тұрғындары "көшелер қардан тазартылмайды" деп шағым айтты. Алғашында жауған ақ ұлпа араға күн салмай шалшыққа айналып, жол апатының жиілеуіне де себеп болған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәтбаев қаласының тұрғындары көшелердің дұрыс тазаланбай, қозғалыстың қиындағанына наразы. Қардан тазарту жұмысы тіпті орталық көшелерде де ақсап тұр. Бірнеше күн толассыз жауған ақ ұлпа коммуналдық қызмет өкілдерін әбігерге салған.
– Абай, Ұлытау көшелері тазаланады, ал үйлердің арасы қарға толып қалды. Түнде машина жоқ кезде тазалау керек қой. Күндіз көліктермен қабаттасып тазалағандықтан жол апаты туындап жатыр, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Айдос Жайсанов
Ал әкімдіктегілердің айтар уәжі басқа. Күніне 25-ке жуық қызметкер қар тазалауға шығады. Жергілікті биліктің баспасөз қызметі көшелерді жинау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын алға тартты.
– Қаланы абаттандыру ережелеріне сәйкес, ең алдымен қаланың негізгі магистральдарынан, содан кейін барлық басқа көшеден қар шығарылады. Өткен аптада қардың көп түсуіне байланысты жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілді. Қаланың жол желісін 2 ЗИЛ машинасы, 6 жүк тиегіш, 6 самосвал және 2 автогрейдер тазалап, күніне орта есеппен 900-950 текше метр қар шығарды, – деді Сәтбаев қаласы әкімі аппараты баспасөз қызметінің басшысы Назерке Сапарбек.
Түсірілім барысында қарды жинауға жекеменшік жүк көліктерінің жалданып жұмыс істейтінін көрдік. Демек, тиісті мекеме жолды ретке келтіріп үлгермейді деген сөз. Ал көмекке келген 13 тонналық көлік күніне 15-20 рет қар шығаратын көрінеді. Соған қарамастан, қаладағы ахуал оңалмай тұр деген азаматтар көктайғақ кезінде тұз себілмейтінін алға тартты. Оның салдарынан апат көбейгенін полиция бөлімі де растайды.
– Сәтбаев қаласы бойынша биыл 13 жол-көлік апаты тіркелді. Басты себеп - жол тазалау бойынша мердігердің жұмысын дұрыс атқармауы және жолдардың қардан тазаланбауы. Жыл басынан мердігерге 15 ұйғарым жіберілді. 29 қаңтар мен 9 ақпан аралығында «қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өтуде, – деді Сәтбаев қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Бахтияр Ахметов.
Айта кетейік, шаһардағы жолдың жалпы ұзындығы - 92 шақырым. Коммуналдық қызметкерлер күніне 900 текше метр қар шығарады. Ал қалалық әкімдік қардан тазарту жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылғанын айтты.
Оқи отырыңыз: EcoQolday: экологиялық жобаға тұрғындар да үлес қоса алады