COVID-19: Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де жалақысы артады

10.04.2020 01:41

COVID-19 полиция қызметкерінен де анықталды

newtimes.kz

COVID-19 полиция қызметкерінен де анықталды. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Оның сөзінше короновирус жұқтырған қызметкер қазір ем-дом қабылдап жатыр. Денсаулығы қалыпты екен. Министр орынбасарының сөзінше алғы шепте тер төгіп жүрген дәрігерлермен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де жалақысы артады. Жалпы блок бекеттер мен медицина нысандарын күзетіп жүрген қызметкерлердің денсаулығы қалай бақыланады? Оларға қосымша бір реттік төлем қалай жасалады?

Ішкі істер министрінің орынбасары аталған министрліктің 52 мың қызметкері пандемия жағдайында алдыңғы қатарда қызмет етіп жүргенін жеткізді. Олардың басым бөлігі блок-бекеттер мен медициналық нысанның тыныштығын күзетеді. Төтенше жағдай кезінде жұмыс істегені үшін барлығына үстеме ақы берілетін болды. Ол үшін 6 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, Юрий Ильин қауіпті індет құқық қорғау органының мамандарын да айналып өтпегенін тілге тиек етті.

«Бір қызметкер қызметі барысында коронавирусқа шалдыққан. Оның жағдайы қалыпты. Ем-дом қабылдауда. Тағы 530 адам індетті жұқтырғандармен байланыста болған. 30 адам стационарда, ал 80 адам үйде оқшауланған. Басым бөлігі үйіне жіберіліп, қызметін жалғастыруда. Індеттен көз жұму және басқа да ауыр салдар жоқ»,  – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.

Ел аумағында төтенше жағдайға байланысты қызмет етіп жүргендердің барлығының денсаулығы жіті бақылауда. Әсіресе, блок-бекеттердің тыныштығын торуылдап жүргендерден жиі сынама алынып отырады.

Қазір блок-бекетте қызмет етіп жүргендердің барлығынан сынама алынып жатыр. Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлерінің көмегімен мұрын іші мен ауыз қуысынан алынған анализ ары қарай зертханаға жолданатын болады.

Блок-бекетте сынама алып жүрген ұлттық сараптама орталығының мамандары жұмыстары қатерге толы болса да өз істерін жақсы көреді.Себебі, біз үшін адамның денсаулығы бәрінен жоғары тұрады дейді.  

«Жауапкершілік бұл біздің қанға сіңген қасиет. Себебі, біз кезінде медицина институтына түскен соң кезде уәде бердік. Сонымен жұмыс істеп келе жатырмыз. Негізгі мақсатымыз халықтың денсаулығын сақтау. Сол үшін оқыдық, сол үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді қалалық Ұлттық сараптама орталығының алмалы аудандық бөлімінің басшысы Лола ӘБІШЕВА

Ал, қалалық полиция департаменті ресми өкілінің мәліметінше, полиция қызметкерлерінің денсаулығы қатаң бақылау алынған. Аурудың алын алу мақсатында жиі профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отырады дейді.  

«Өзінің жұмысын атқару барысында көптеген адамдармен қарым-қатынаста болады. Сондықтан олардың денсаулығы мен өмірін аман алып қалу мақсатында осы шаралар қолға алынды», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Министрлік шешімімен үстеме алатындар басшылық құрамда жұмыс істейтіндер емес, барлығы дерлік қатарда жүрген қарапайым жауынгерлер. Ел қамы үшін қызмет қылып жүрген қызметкерлердің еңбегі елеусіз қалмайды.

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы