Наурыз-2022: Алатау ауданының тұрғындары ұлттық ойындар ұйымдастырып, салт-дәстүрді жаңғыртты

23.03.2022 01:41

Елге белгілі дәстүрлі әншілер әннен шашу шашты

Almaty.tv

«Төрлет, Жаңа жыл». Әз-Наурызды жаңа жылдың бастауы деп санаған Алматының Алатау ауданының жұрты бүгінгі мерекелік бағдарламаны дәл осылай атады. Аудан тұрғындары ұлттық ойындар ұйымдастырып, салт-дәстүрді жаңғыртты. Мерекелік шараға келгендердің аузы аққа тиіп, үлкендерден бата алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аудан тұрғындарының бүгінгі көңіл күйі ерекше. Таң атысымен жұртшылықтың үлкені мен кішісі, жас пен жасамысы да түгелдей өнер орталығының алдына жиналды. Елге белгілі дәстүрлі әншілер әннен шашу шашты. Ұлтымыздың салт-дәстүрі мен жол-жоралғылары қайта түлеп, байырғы тұрмыстың құнды қазынасы көрсетілді. Себебі бұл Жаңару мерекесі - жалпақ жұртты бірлікке бастап, ынтымаққа үндейтін ерекше күн. Театр әртістері халықпен жүздесіп, бетпе-бет концерт өткізуді әбден сағынған.

«Біз онлайннан шаршаған адамбыз. Театр халықпен өте тығыз байланыста. Сол себепті халық пен әртістің ортасындағы байланыс болмаса беу деп немесе қошеметтеп өнерпазға жамбоз болмаса өнерпаздың парқы болмайды. Қошеметсіз парқы қашады дейді ғой. Сол секілді, қошемет, ыстық ықыластар өте ерекше», – деді «Алатау серілері» тобының әншісі Жасұлан Мұсағали.

«Осы Алатау ауданының тұрғындарын Алатау әкімдігінің атынан және дәстүрлі театр ұжымы атынан халқымызды шын жүректен құттықтаймын. Елімізде тек береке, тек жақсылық болсын, осындай керемет жиындарымыз таусылмасын. Әз-Наурызымыз берекесімен келсін», – деді«Алатау»дәстүрлі театрының әртісі Гүлнафис Салыққызы.

«Елімізде тек қана тыныштық болсын, бейбітшілік заман болсын. Ұлыс оң болсын ақ мол болсын! Барлықтарыңыздың отбасында береке бақыт, ырыс көп бола берсін», – деді «Алатау» дәстүрлі театрының әртісі Лаура Мырзахметова.

Дәл осы күні қазақтың ұлттық тағамы ұлықталатын уақыт. Жайылған кең дастарханды наурыз көже мен бауырсақсыз, қазы-қарта мен қымыз шұбатсыз елестету мүмкін емес. Алаңда осы тағам түрлері тегін таратылды. Ол үшін кәсіпкерлер мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдері көпшілікке дәм беру үшін бас біріктірген.

«Халық ауыз тисін, тамақ ішіп кетсін яғни мейрамның бір жылуын сезінсін деген мақсатта жыл сайын ұйымдастырдық. Кеше Наурызбай ауданында өткізгенбіз, бүгін Алатауда өткізіп жатырмыз. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Наурыздан Наурызға аман-есен жете берейік», – деді Қоғамдық қор жетекшісі Қасым Қасабеков.

Мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген қала жұртының санында есеп жоқ. Мегаполисте тек биыл ғана мұндай кең көлемдегі шараларды өткізуге рұқсат берілді. Бала-шағасын ерте келген үлкендердің көңілі шат-шадыман.

Наурыз - жаңа жылдың бастауы. Ақтың молаятын, тіршіліктің жаңаратын, көңілдің кеңейетін кезеңі. Ықылым заманнан бері қазақ халқы үшін қасиетті мейрам саналатын бұл күн бүгін Алматының жер-жерінде дүркіреп өтті. Жаңа жыл әр шаңыраққа берекесімен, молшылығымен келсін!

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы.