Шығармашылық адамды жақсылыққа тәрбиелейді. Жастардың өнер-білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында Алматыда «Жас талант» әлеуметтік өнер орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Медеу ауданы әкімдігінің және «Патриот-1986» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, TURAN-QAZAQ суретшілер консолидациясы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ашылған өнер мектебі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орайластырылыпты. Мұнда Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының және Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессорлары мен оқытушылары дәріс береді. Ұйымдастырушылар нағыз дарын иелерін тартып, оларды ынтыландыруға септесетінін айтады.
«Біздің студенттер оқушыларға сабақ береді. Себебі біз халықтың арасынан нағыз таланттарды іздегіміз келіп тұр. Соларға кейін Медеу аудандық әкімдігінің көмегімен институттарға түсуіне көмектесіп, болашақта солардан бір үлкен өнер адамдарын дайындау мақсатында. Халықтың арасынан таланттарды іздеу мақсатында ашып отырмыз. Бұл әзірше Медеу ауданында болады. Біртіндеп осы бағдарлама басқа жақтан жалғастырылатын шығар деп ойлаймыз», – деді Медеу ауданы «Patriot 1986» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асан Смағұлов.
«Жас талант» өнер мектебінде домбыра, жетіген, тоғызқұмалақ, шахмат, ән үйірмелері бар. Жылына бұл орталық 100 баланы тәрбилеуді жоспарлап отыр. Ал, аптасына бір рет мұнда танымал өнер тұлғалары шеберлік сабақтарын оқытатын болады.
«Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай біздің ауданда көптеген әлеуметтік орталықтар ашылып жатыр. Соның бірі – «Жас талант» әлеуметтік орталығы. Олай атаған себебіміз – орталықта жас таланттарды анықтап, соларға қолдау көрсету. Өздеріңіз көрген орталықта ешқандай мемлекеттік қаржы жұмсалмаған. Бұл орталық демеушілердің арқасында ашылып отыр», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.
Қазақстанның бейнелеу өнерін қалайша дамытсақ екен деп осы салада тер төгіп жүрген суретші Асылбек Ахметұлы бейнелеу өнерін хабқа айналдыру керек деген ойын алға тартты. Ал, бұл үшін жастармен жұмыс істеу керек. Суретші бірінші кезекте олардың өнерге, шығармашылыққа деген сүйіспешілігін арттыру маңызды екенін айтады.
«Бейнелеу өнері – адамның эрудициясын, дүниетанымын, ой-өрісін дамытатын өнер. Өте қиын әрі маңызды өнер. Әлем мұны элиталық, романтикалық іс деп біледі. Бірақ бұл романтикалық іс емес, бұл жерде адам 24 сағат шығармашылықпен айналысады», – деді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Асылбек Ғұбашев.
Өнер мектебіне көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың балалары келіп тегін сабақ ала алады. Бүгін салтанатты ашылуы болған әлеуметтік орталықтың 10 шақты ұстазы ертеңнен бастап балаларды қабылдай бастайды.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы