Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына өтінім беру басталды. Қала тұрғындары өз жобаларын ұсыну арқылы ауданның көркеюіне үлес қоса алады. 2019 жылы пилоттық режимде басталған бұл жобаның уақыт өткен сайын ауқымы мен мүмкіндіктері кеңейе түсті. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл бағдарламаға қалай қатысуға болады? Талап-шарттары қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтып береді.
Бюджетке қатысу жобасы аясында әр ауданға 800 млн теңгеден беріледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 6,4 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында қала халқы тұрмысының жақсаруы жолындағы жоспарлар мақұлданады. Атап айтсақ, аулаларды абаттандыру, саябақтар мен скверлер салу, спорт алаңдары тұрғызылып, көшелерге жарық орнату. Ерекшелігі сол - тұрғындар ауданға не қажет екенін өздері ұсынып, дауысқа салады.
«Әрбір тұрғын өз ұсынысын беремін десе open-almaty.kz сайтына кіріп, жобасын қалдыра алады. Сауалнаманы толтырасыз. Сіз аулаңызды алдағы уақытта қалай көресіз, эскизын сала алса, ол тіпті жақсы», – деді қалалық Стратегия және бюджет басқармасының орынбасары Жанар Жазылтаева.
Басқарма мамандарының хабарлауынша, бағдарламаға қызығушылық танытқан қала тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Мәселен, жоба бастау алған жылы 333 өтінім түссе, былтыр 796-ға жеткен. Оның ішінде 276-сы қала әкімдігі тарапынан қолдау тауып, іске асты.
«Қазір мен тұрғын демалыс орны осы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында жүзеге асқан еді. Аудан тұрғындары атынан қуаныштымыз. Кешкісін балалар мен немерелеріміз осында еркін ойнайды. Оған дейін бұл жер жазық алаң болатын. Тұрғындар болып бірауыздан дауыс беріп, жобамыз көптің арасынан жеңіп шықты», – деді қала тұрғыны Марина Григорьева.
Жоба аясында өткен жылы Әуезов ауданында бірнеше жоба іске асты. Соның бірі Николай Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының айналасын көріктендіру мен сұбұрқақты қайта қалпына келтіру жұмыстары қолдау тапты. Аумағы 400 шаршы метр болатын бұл жерге көпшілік демалатын саябақ жасалды.
«Бағдарлама қала бойынша екінші жыл жүзеге асып келе жатыр. Өткен жылы аудан тұрғындары белсенділік танытты. Биыл ауданда 22 жоба жүзеге асып жатыр. Басым көпшілігі аулаларды абаттандыру мен балалар ойын алаңдарын салу», – деді Әуезов ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Әлімжан Саяхмет.
Жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен сапалы өнімнен салынуын қалалық қоғамдық кеңес өкілдері бақылайды. «Бюджетке қатысу» жобасының ерекше тұсы құрылыс жоспары қала тұрғындарымен кеңесе отырып жасалады. Бұл билік пен бұқара арасында ашық қоғам қалыптасуына үлкен мүмкіндік дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Еске салайық, жобаға өтінім беру уақыты 1 қазанға дейін жалғасады.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы