"Сайран" автобекетінде тазалық жоқ: тұрғындар қала әкімінен көмек сұрады

28.08.2020 02:18

Қала әкімінің қатысуымен өткен Akimat live бағдарламасында Сайран автобекетіне қатысты мәселе көтерілді

Almaty.tv

Әуезов ауданының тұрғындары Сайран автобекетінің тазалығына шағымданды. Бекет маңында тұратын халық Akimat live бағдарламасына қоқысқа толып, шашылып жатқан жерлердің бейнежазбасын жіберген еді. Осыған орай аудан әкімдігі аймаққа бақылау жасап, олқылықтарды түзеуге тырысты. Толығырақ  Almaty.tv тілшісі Назкен Еркіннің бейнематериалында.

Қала әкімінің қатысуымен өткен Akimat live бағдарламасында Сайран автобекетіне қатысты мәселе көтерілді. Тұрғындар бекет маңы қоқысқа толып, карантинге қарамастан, тәртіпсіздік жиі орын алатынын айтқан еді. Осыған орай шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдігіне арнайы тапсырма берді.

Мәселені бүгін Әуезов ауданының әкімдігі мен жауапты мамандар аталған орынға келіп аумақты бақылап шықты. Сайран көлі мен автобекеттің жан-жағы дереу тазаланып, олқылықтар жөнге келтірілді. Аймақты аралаған аудан әкімі мұндай тәртіпсіздікті жүйелі түрде шешу керек дейді. Сөзінше, автобекет аумағын заңсыз жолаушылар тасымалдайтын такси жүргізушілері ластайтын көрінеді.

«Бұл жағдай неге ушығып кетті? Бәріңізге белгілі қазіргі таңда Сайран автобекеті карантинга жабық тұр. Тасымалдаушылар автовокзалға жақын орналасқан ықшам аудандардың ішіне кіріп, бұзақылық жасап жатқан жағдайы бар. Артынан қоқыс тастап кету, көліктерінде ұйықтап, ішімдік ішу – сондай көптеген жағдай тіркеліп жатыр», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Қаланың келбеті саналатын орынның тазалығына немқұрайлы қарағаны үшін мердігер компания да жауапсыз қалмады. Ал автобекет маңын ретке келтіру жұмыстары нәтижесінде карантинге қарамай, қалалар арасында адам тасығаны үшін 30-дан астам жүргізуші анықталды. Алайда мамандар оларды анықтау оңай шаруа емес дейді. Себебі таксистер түрлі сылтаулар айтып жасырынатын көрінеді.

«Таксиде бар бұл жерде, қала арасында қатынайтын. Жеті орындыққа дейінгі микроавтобустар жүреді. Оларды біз дәделмен толыққанды басқа қалаға жүріп жатқанын білу үшін, біз қаладан шығаберіске және кіреберіске сондай іс-шаралар жүргізу үшін ауыстырдық», – деді қалалық мобилділік басқармасының бас маманы Азамат Ешанқұл.

Атқамінерлердің сөзінше, қалааралық жолаушы тасымалдайтын жүргізушілер соңғы күндері жиілеп кеткен. Тамыз айында сондай 100-ден астам такси жүргізушісіне айыппұл салынған. Айта кетсек, Akimat live бағдарламасында тазалықтың сақталмағаны салдарынан тұрғындар тарапынан автобекетті қала сыртына ауыстыру мәселесі де көтерілген болатын. Алайда қала басшылығы мәселені күрделендірмей, жай ғана бекет маңындағы тазалық пен тәртіпті тиісті деңгейде ұстау керектігін айтқан болатын.

Назкен Еркін, Арсен сандыбаев, «Алматы» арнасы