Қазақстанда микрокредит беруге қойылатын талаптар күшейтілді

11.08.2023 01:45

Жаңа талап 1 шілдеден бастап қолданысқа енді

aikyn.kz

Қазақстанда микрокредиттер беруге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді қысылған кезде лезде барып ақша алуға әуестенген азаматтарға қаржы ұйымдары көмектесе алмайды. Халықтың шамадан тыс несие алу тәуекелін азайту мақсатында жаңа талап енгізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржыдан қысылған жұрттың көбі қазір несиеге құмар. Олар үшін микроқаржы ұйымдары басты көмекші секілді. Екінің бірі қазір жалақыға дейін ақша алуға үйреніп алыпты. Мекеме менеджерлерінің айтуынша, көбіне несие алуға зейнеткерлер келеді екен.

– Несие алып, екінші несиесі үшін келетіндер бар. Несие тарихын бұзбас үшін ыңғайлы көрінеді. Үлкен ата-әжелер, мемлекеттік қызметкер, түрлі саланың мамандары бар, – деді несие менеджері Эльмира Советхан.

Өсімпұлына қарамастан, азаматтардың жалақыға дейін алатын ақшасының мөлшері 20 мыңнан басталады екен. Соның өзін созып, уақытында өтей алмайтындар көп көрінеді. Бұдан былай микронесие екінің біріне қолжетімді бола бермейді. Себебі микроқаржы нарығындағы талаптар күшейтілді. Ол бойынша қысқамерзімді кепілсіз тұтынушылық қарызды тәуекел-саралау көрсеткіші 200%-дан 500%-ға дейін өскен.

– Микронесие беру талаптары күшейтілгені дұрыс деп есептеймін. Қазір біздің қоғамда жұрт несиеге құмар, ауру болып барады. Бұдан қаржы ұйымдары еш ұтылмайды. Керісінше, олар сол арқылы күн көріп отыр, – деді экономист-сарапшы Сапарбай Жұбаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының тұтыну несиелерін беру талаптарын күшейтті. Ал шағын және орта бизнесті несиелендіру шарттары керісінше жеңілдетілді.

– Микроқаржы ұйымдарының шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беруін ынталандыру үшін кәсіпкерлік мақсатқа арналған кепілмен берілетін микрокредиттерді тәуекел-саралау көрсеткіштері 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді. Ал кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің өсуін шектеу және микроқаржы ұйымдары үшін халықтың шамадан тыс кредит алу тәуекелін азайту үшін тәуекел-саралау көрсеткіштері 200%-дан 500%-ға дейін көтерілді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма бастығы Батыр Ахмедиев.

Жаңа талап 1 шілдеден бастап қолданысқа енді. Айта кетсек, Бірінші кредиттік бюро ақпарынша, елде бір ғана маусым айында қазақстандықтар рекордтық сомада несие алған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы