Алматыда мерзімді әскерге шақыру науқаны қайта басталды

23.05.2020 02:23

Биылғы әскерге қабылдау науқанын бақылайтын медициналық комиссияға да өзгерістер енген

almaty.tv

Алматыда төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтатылған мерзімді әскерге шақыру науқаны қайта басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Енді көктемгі әскерге қабылданатын ер азаматтардың денсаулығы бұрынғыдан да жіті тексерістен өтеді. Сол үшін биыл медициналық комиссия мүшесінің қатарына инфекционист-дәрігер де енгізілген. Ал қалалық жинақтау орындары мен әскерилер қызмет ететін ғимараттарда тұрақты дезинфекция жасалып, тазалық жұмыстары күшейтіліп жатыр.

Биыл әскерге қабылдау науқаны өзгеше өтіп жатыр. Әдетте көктемгі жиын наурызда басталып, 30 маусымда аяқталуы керек еді. Бірақ биыл төтенше жағдайға байланысты бұл мерзім кейінге шегеріліп, енді шілденің 31-іне дейін созылды. Қазір қалалық жинақтау орындары азаматтарды 15 мамырдан бері қайта қабылдап жатыр.

Биылғы әскерге қабылдау науқанын бақылайтын медициналық комиссияға да өзгерістер енген. Енді болашақ сарбаздардың денсаулығын фтизиатор, окулист сияқты маманнан бөлек инфекционист-дәрігерлер де тексереді. Бұл коронавирус індетін әскери қызметкерлерге жұқтырып алмас үшін жасалған қадам. Назима Тобықбаева сондай дәрігерлердің бірі. Ол қалалық жинақтау орнындағы санитарлық нормаларды қадағалайды әрі келген ер азаматтардың денсаулығын бақылайды.

«Бірінші температурасына қараймын. Одан кейін олармен әңгіме жүргізіп, әңгіме барысында денсаулығына байланысты қандай шағымы бар, соны тексеремін. Сосын олардың таныстарыменен, туыстарымен байланыста болды ма, болмады ма соны тексеріп, дәптерге тіркеп отырамыз», – деді инфекционист-дәрігер Назима ТОБЫҚБАЕВА.

Жалпы биыл қаладан 2 мыңнан астам бозбаланы әскерге аттандыру жоспарланған. Қазір шекара әскерлерінің бөлімшелерін жасақтау жұмысы жүріп жатыр.

«Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар әскери бөлімдерге барғанда, бірден 14 күндік карантинде болады. Бірден келгенде олардан ПЦР-тесттері алынады. Карантин кезінде 14 күн бойы казармада жабық күйде жатпайды. Өздерінің бағдарламасы бойынша алғашқы әскери даярлықтан өтеді», – деді қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай ӨСЕРБАЕВ.

COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін қалалық жиын орындарында дезинфекциялық шаралар күшейген. Мұндай жұмыстарға биологиялық қорғаныс саласында қызмет ететін сарбаздар тартылған.

«Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментті дезинфекция жасауға арнайы өңдеу тобының екі есеп тобын алып келдік. Яғни, төрт адам. Екі арнайы техника бар. Дезинфекция жасауға  «Рубеж» ерітіндісі қолданылады. Ол осы вирустарды жоюға арналған», – деді ҚР ҚК ДШӘ Жанындағы радиациялы-химиялық, биологиялық қорғау қызметінің басшысы Олжас ӘМЗЕЕВ.

Дезинфекторлар санитарлық шараларды жасамас бұрын адамдардың барлығын сыртқа шығарады. Олар ғимараттың іші-сыртын, мынадай кіреберістерді, асханалар мен сарбаздардың жатын бөлмелерін мұқият тазартып шығады. Мұндай шаралар күніне екі рет жасалады. Дезинфекциядан кейін үш-төрт сағат ішке кірмеу керек.

Санитарлық жұмыстар бұдан былай да тұрақты түрде жүргізілетін болады. Ал биылғы әскер қатарына алынған жас сарбаздарды шығарып салуға ата-аналары мен туыстары қатыса алмайды.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов,  «Алматы» арнасы