Жетісу ауданы тұрғындарының шағымын ескерген компания құрылыстың сапасына көңіл бөле бастады

11.06.2022 02:25

Едені жарылған пәтерлер мен дәліз қайта жөнделеді

Almaty.tv

Жетісу ауданына қарасты «Драгон сити» тұрғын үй кешеніндегі олқылықтар алдағы 1 айдың көлемінде толықтай шешімін табады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылай деген мердігер компания өкілдері  тұрғындардың шағымы мен біздің телеарнаның түсірілімінен соң қызу жұмысты бастап кеткен. Балаларға арналған спорт және ойын алаңқайлары салынады. Еске сала кетейік, 8 сәуірде пәтер иелері тұрғын үй кешенінің сапасына шағымданып, наразылығын білдірген еді. Қатаң сынның астында қалған мердігер ұйым  қазір қала құрылысын бақылау басқармасының қадағалауында.  

«Сондай-ақ тапсырыс беруші қимыл қозғалысы шектеулі адамдарға ыңғайлы болу үшін пандус жұмыстарын бастап жатыр. Одан бөлек пандустардың жанынан электр лифтін орнататын болады», – деді қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы Ерлан Мергенбаев.

Жауапты компания тұрғын үй кешенінің сапасына 2 жылға дейін кепілдік береді. Сондықтан қабырғалары қақырап, едені жарылған пәтерлер мен дәліз қайта жөнделеді.

«Сол кепілдік бойынша егер де компанияға пәтер иелерінен арыз түсіп тұрса, сапа бойынша оны мердігер компания тегін жасап береді», – деді мердігер компания өкілі Алмас Түлеков.

«Тапсырыс берушінің келісімшартымен қандай шағымдар бар соның бәрін қазір орындап жатырмыз», – деді мердігер компания өкілі Бағдархан Құлмашев.