Ұлттық арна ғимаратында Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев пен Кенжеболат Шалабаев сынды тұлғалардың құрметіне ескерткіш орнатылды
Қара шаңырақ аталып кеткен «Қазақстан» телеарнасының Алматыдағы филиалында отандық телевизия қайраткерлерінің бюсті ашылды. Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев пен Кенжеболат Шалабаев сынды тұлғалардың құрметіне орнатылған ескерткіш енді өздері қызмет еткен Ұлттық арна ғимаратында көпке көз тастап тұрмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ телевизиясы дегенде, аты айрықша аталар азаматтардың орасан еңбегі сіңген Ұлттық арнада төрт тұлғаның бюсті ашылды. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, сондай-ақ телевизия ардагерлері мен белгілі зиялы қауым өкілдері қатысқан салтанатты жиында қайраткерлердің өмір жолы мен еңбегі турасында да сөз қозғалды. Бастаманың басында тұрғандар «Бұл істің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор» дейді.
«Өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп, оларды құрметтеп, осылай аға тұтып, есіктен кіріп келгенде «Ассалаумағалейкум!» деп көкірегіме қолымды қойып сәлем бергеннің өзі бізге үлкен мәртебе! Бұл ұрпақтар үшін қажет», – деді телевизия және радио ардагері Құсман Игісін.
«Бұл – бүгінгі жас ұрпақ үшін ауадай керек шара. Қайдан шыққанымызды, қайда барарымызды анықтап тұрар бағдар секілді. Сол үшін осындай марқасқалардың рухы желеп-жебеп жүрсін, тағылымы жас ұрпақтарға жұғысты, сіңісті болсын деймін, қадамдарыңыз құтты болсын деген тілек айтқым келеді», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай.
Бүгін мүсіні орнатылған Кенжеболат Шалабаев отандық телевизия тарихында ең алғаш деректі фильм түсіруді жолға қойған еді. Ал Сағат Әшімбаевтың өткен ғасырдың 80-жылдарында «Жүректен қозғайық!», «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарламалары ел арасында аса жоғары бағаланып, алтын қордың айрықша мұралары қатарына енді. Бір өзі тұтас буынды тәрбиелеген Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың да қазақ журналистикасында, оның ішінде, ұлттық арнадағы еңбегі орасан, қызметі құнды.
«Бүгін мүсіндері қатар ашылған Шерхан аға мен Камал аға ең үлкен достықтың үлгісін көрсеткен, біз соны насихаттауымыз керек. Екеуінің бір-біріне жазған хаттары «Елім саған айтам, Елбасы сен тыңда!» деген үлкен кітапқа айналған. Міне, біз осындай жанрларды, осындай достықты дамытуымыз керек», – деді журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай.
Есімдері ел жадында, қызметтері арна тарихында сақталар азаматтардың дара жолы бүгінгіге – үлгі, кейінгіге – мұра. Себебі олар ұлттық арнаның дамуына ғана емес, тұтас қазақ телевизиясының аяққа нық тұрып, қарышты қадам басуына негіз болғандар еді.
Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы