Саяси дода өз дәрежесінде өтті
Көптен күткен саяси додада ауыл халқы өз әкімдердін сайлауға белсене атсалысты. Науқан туралы еліміздің 14 облысы өңірлік коммуникациялар алаңында есеп беріп, жағдайдың мән-жайы туралы мәлімет берді. Бүгінгі сайлауда әр аймақтан жалпы саны 2582 үміткер бақ сынаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызылорда облысында 54 сайлау учаскесі құрылған. Өңірде барлығы 151 адам өз кандидатурасын ұсынды. Оның 131 тіркеуден өтіпті. Алайда түрлі себеппен 9 үміткер қайта алынып, нәтижесінде бюллетеньге 122 кандидат енген.
«Оның ішінде 47 адам 38,5 пайзыы саяси партия атынан, 75 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Еліміздегі 6 саяси партия ауыл әкімі болуға өз кандидаттарын ұсынды. Облыс бойынша орташа бәселекелестік 3 адам. Сайлау туралы Конституциялық заңның және жарақтандыру жөніндегі орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығы бойынша барлық сайлау учаскелері талаптарға сай қамтамасыз етілген», – деді Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев.
Павлодар облысында да науқан тұрақты, яғни еш заң бұзушылықсыз өтті. Мұнда тәптіпті бақылауда ұстау үшін 252 полиция қызметкерлері тартылыпты. Сондай-ақ, дәрігерлер мен эпидемиологтар да жұмылдырылған.
«Сайлау 2 ауыл мен 42 ауылдық округте өтіп жатыр. Науқанға барлығы 758 адам болатын 140 сайлау комиссиясы қатысуда. Бүгін таңнан бері 126 сайлау учаскесінде кандидаттардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері байқаушы ретінде жұмыс істеп жатыр», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Аманжолова.
Теріскейдегі жұрт та сайлауға белсене араласып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында дауыс берушілер әсіресе Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Ақжар, Жамбыл сияқты аудандарда белсенділік танытқан.
«Сайлау өткізу кезінде заң бұзушылық фактілер тіркелген жоқ. Полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Басты міндет қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы облыс аумағында жағдай тұрақты», – деді облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Айтбаев.
Ал Түркістан облысында 241 сайлау учаскесі жасақталыпты. Сайлау орындарында санитариялық талаптар қатаң сақталып, техникалық қауіпсіздік шаралары ескерілген.
«Сайлау болатын барлық 60 сайлау округіндегі 241 сайлау учаскелері келген БАҚ өкілдерін, байқаушылардың сенім білдірген адамдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен Сайлау туралы заңның талаптарына сай барлық процедураларды орындай отырып сайлау учаскелерін ресми түрде ашып, сағат 7.00-ден бастап сайлаушылар келіп өз дауыстарын бере бастады», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев.
Сондай-ақ, Қостанай облысында да саяси дода өз дәрежесінде өтті.
Назкен Еркін, Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы