«Алматы» телеарнасынан «Тіл қорғаны» атты жаңа бағдарлама көрермендерге жол тартты

17.10.2020 02:00

Хабардың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру

«Алматы» телеарнасынан «Тіл қорғаны» атты жаңа бағдарлама көрермендерге жол тартты. Хабардың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Түсірілім тобы тіл сарапшыларынан құралған арнайы топпен бірге шаһар аумағындағы түрлі сала мекемелерін аралап, қазақ тілінде қызмет көрсетудің сапасын тексеретін болады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жаңа жоба туралы Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

«Мінеки, «Алматы» телеарнасы «Тіл қорғаны» деген хабар ашып отыр екен. Біз осы хабардың ашылуымен құттықтаймыз. Бүгін біз жиын өткіздік. Ол жиында бүкіл аймақтардағы тіл басқармаларына ақпарат беруге, түсірілімдер жасауға көмектесуге тапсырма берілді», – деді  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба.

Жаңа жоба – қазіргі қоғамда қазақ тілінің «Тіл туралы» заңнамада бекітілген өз дәрежесінде қолданылуын қадағалайды. Түсірілім тобы тіл мамандары мен заңды тұлғалардан құрылған мониторингілеу тобымен бірлесе отырып, қаладағы кез келген мекемеде қазақша қызметтің сапасын тексереді.  

Жаңа жобаның алғашқы түсірілімі шаһардағы бірнеше сауда ойын-сауық орталықтарынан бастау алды. Ондағы түрлі салада кәсібін дөңгелетіп отырғандар тауарлары мен қызметін тұтынушыларға қай тілде ұсынып жатқаны бақылауға алынып, көптеген олқылықтар анықталды.

«Егер біз осылай мойнымыз салбырап жүре берсек, қай тілде болса да, маған бәрібір ғой деп, ертең барлық жерге қытайша жазып қояды да, отыра береді олар. Сондықтан, менің ойымша, барлық азаматтар саналы түрде заңды ұстана отырып, мәдениетті түрде өзінің құқығын талап ету керек. Тұтынушының құқығын талап ету керек. Бірақ қазір мынаны қарап шыққан уақытта жағамызды тағы ұстадық. 99 пайыз жерде қазақ тіліндегі ақпарат жоқ», – деді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.

Осылай қазақ тілінің қолданылу аясын тексеру барысында тіл мамандары саудагерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, қателерді түзету үшін уақыт беріліп, ұсыным қағаздары толтырылады. Бірақ сол кәсіптік нысандар белгіленген мерзім аяқталғанда, қайта тексерілетін болады. Айта кетейік, тілге жанашыр «Тіл қорғаны» хабарын телекөрермендер әр жұма сайын, сағат 20:40-та «Алматы» арнасынан тамашалай алады.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы