Алматыдағы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының жүзеге асуын Nur otan партиясы бақылайды

almaty.tv
almaty.tv
Елбасы тапсырмасына сәйкес жасалған жоба халықты жұмыспен қамтып, құрылыста отандық өнімді қолдануды құптайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының жүзеге асуын Nur otan партиясы бақылауға алды. Елбасы тапсырмасына сәйкес жасалған жоба халықты жұмыспен қамтып, құрылыста отандық өнімді қолдануды құптайды. Бүгін бас партия өкілдері Жетісу ауданындағы бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл  Көкжиек ықшам ауданындағы нөмірі 171-бөбекжай. Балабақшада ойын алаңындағы төсенішті ауыстыру керек болған. Тендерді жеңіп алған мердігер ұйым қалпына келтіруге кіріскен. Олар бұл құрылысқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 15 адамды жұмылдырады. Сөйтіп, жобаны белгіленген уақыттан ерте аяқтапты. Бірақ жұмыс біткенімен, қызметке тартылғандар жалақыларын ала алмай отыр. Бүгін Nur otan партиясының Жетісу аудандық филиалы өкілдері жағдайды білу үшін кәсіпкермен кездесті.

Жұмыс біткенмен қағаз жүзінде акт қабылданбаған. Сондықтан кәсіпкерге ақша әлі аударылмапты. Сөзінше, енді 2 аптадай уақыт күту қажет. Мердігер ұйым тапсырыс бойынша 1200 шаршы метрге жұмсақ төсеніш төсеуі керек болған. Бірақ қосымша тағы 400 шаршы метрді өз есебінен жасап кеткен.

Көкжиек ықшамауданында балабақша маңындағы саябақ та жөнделіп жатыр. Шағын бақта енді демалуға да болады. Онда 20 шақты отырғыш, 1 воркаут алаңы, 2 жаттығу құралы, көше шамдары орнатылады. Мердігер бұл жұмысқа қолданып жатқан материалдың 92 пайызы отандық өнім дейді.

«Өзіміздің Алматыдағы асфальтбетон, АЗМК деген компаниялардан алып жатырмыз. 92 пайыз отандық өнім алатын болдық. Солардың келісім-шарттары бар. Ақшасын төлеп қойдық. Келісім бар. Осында жұмыс істейтін 45 адам. 20 адам ораталықтан алып жатырмыз. Өзіміздің 25 адам. Сол жеткілікті деп отырмыз. Уағында тапсырамыз», – деді мердігер мекеменің директоры Қайрат АЙДАРБЕКОВ.

«Алматы қаласының әкімі, партия төрағасы Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы тапсырмасы бойынша жол картасы аясында салынып жатқан бірнеше осындай объектілер партиялық бақылауға тапсырған болатын. Енді осы құрылыс басталғалы Жетісу аудандық партиялық бақылау комиссиясы осындай объектілердің барлығын тексеріп, мониторинг жүргіздік», – деді Nur otan партиясының жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат ОМАРОВ.

Ал, Алматының өзге де аудандарында жасалып жатқан жұмыстар көп. Алайда Nur otan партиясы барлығына бақылау жасап отырмақ.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров