Аса қажеттілік туындаған жағдайда болмаса, қызметтердің барлығын үйден шықпай, онлайн алуын сұрайды
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарды қабылдау тәртібі өзгерді. Мамандар тұрғындарға жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғимараттағы тұрғындар көп ұстайтын тұтқалар, есік, терезелер 1 сағат сайын тазаланып жатыр. Қызметкерлердің барлығы қатаң тәртіпте бетперде тағып, қолдарына медициналық қолғап киіп, жұмысын жалғастырып жатыр. Ғимаратқа 5 адамнан кезекпен кіргізіп, қызмет көрсетіп, іште клиенттердің толып кетпеуі де қадағаланып отырады. Бұл тұрғындар үшін аса алаңдайтын жағдай емес. Барлығы да қауіпсіздіктің алдын-алу үшін атқарылып жатқан жұмыстар.
БЛИЦ:
– Бұл шаралардың барлығын дұрыс деп санаймын. Қайткенде де өзіміз сақтанып жүруіміз керек. Мұның барлығы біз үшін жасалып жатыр ғой.
– Қазір әлемде қауіпті індеттің өршіп тұрғаны жасырын емес. Мемлекеттің қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатқаны өте дұрыс. Біз бұл жағдайға түсіністікпен қараймыз.
Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарға 642 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 608-ін онлайн алуға болады. Тұрғындар аса қажеттілік туындаған жағдайда болмаса, қызметтердің барлығын үйден шықпай, онлайн алуын сұрайды.
«Халық денсаулығына қауіп төндірмей, үйде отырып, онлайн алуына болады. Одан басқа смортфон арқылы 60 қызметті алуға мүмкіндік бар. Сондықтан біз осыған дейін де, кейін де айтып өзіміз барып айтып түсіндіріп жүрміз. Мекемелер мен оқу орындарына барып түсіндірдік. Бүгінгі таңда біздің есебімізше Алматының жартысы білуі тиіс, – деді "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының баспасөз хатшысы Жаңыл АПЕТОВА.
Бүгінде Алматыда барлығы 17 фронт-офис болса, оның барлығы штаттық режимде қалыпты жұмыс істеп жатыр. Орталық дүйсенбі мен сенбі аралығында таңғы сағат 09:00-ден кешкі 08:00-ге дейін тұрғындарға қызмет етеді.