20 маусымнан бастап қандай халықаралық әуе рейстер ашылады

19.06.2020 02:05

Карантиннен кейін жұмысын жалғастырған әуежайда бүгінде көп нәрсе өзгерген

Almaty.tv

Алдағы сенбіден бастап халықаралық рейстер кезең-кезеңімен жандана бастайды. Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова өзге елден келетін жолаушылар үшін негізгі ережелерді анықтап, нөмір 41-қаулыны шығарған болатын. Қаладағы халықаралық әуежай шетелдіктерді қабылдауға қаншалықты дайын? Almaty.tv тілшісі әуежайға барып, бар жағдайды бағамдап келді.

Карантиннен кейін жұмысын жалғастырған әуежайда бүгінде көп нәрсе өзгерген. Кіре берген сәттен бастап антисептиктер, дезинфекциялық тоннель, лед-экрандарда COVID-19-дан сақтану шаралары туралы бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Бастапқыда тек билеті бар жолаушыларды кіргізуге рұқсат берілсе, қазір оларды шығарып салушыларға да кіруге болады. Әуежай ішіндегі тамақтану орындары мен банктік қызметтер де жұмыс істеп тұр. Енді 20 маусымнан бастап халықаралық рейстер кезең-кезеңімен ашыла бастайды.

Бұл – халықарылық рейстерді тіркеу орны. Өздеріңіз көргендей, мұнда қазір ешкім жоқ. Бірақ екі күннен кейін жұмыс қызу қайнай бастайды. Қазақстанның бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес халықаралық рейс 3 бағыт бойынша қабылданады.

Бірінші бағыт бойынша Қытай Халық Республикасы, Солтүстік Корея, Жапония, Грузия және Тайланд елдеріне рейстер ашылады. Бұл елдерден келетін жолаушылардың дене қызуы тексеріліп, сауалнама толтыртқызады. Екінші бағыт бойынша Түркия елінен келетіндер үшін коронавирустың бар-жоғын анықтау міндеттеледі. Егер жолаушы Түркия елінен  тест тапсырып келген жағдайда, Қазақстанда тест нәтижесі 5 күнге жарамды. Ал, өз елінде тапсырмаған жағдайда, Қазақстанға келген сәттен бастап 48 сағат ішінде тапсыруы керек. Бас санитардың қаулысына сәйкес, 3 бағыт бойынша басқа елдерден келетін рейстерге әзірге осындай шектеу қойылды.

«Қазір шетелдік жолаушыларды қабылдауға дайынбыз. Бірінші қабатта дәрігерлер, санитар мамандары бар. Жолаушылардан қандай да бір коронавируске қатысты белгілері бар адам анықталса, ол бөлек оқшауланады. Ол адамды ішкі терминалмен жүргізбейміз», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ қызметкері Асылжан Бидәулетов

Алматыдан шетелге алғашқы рейс 20 маусым күні таңғы сағат 9:45-те ұшады. Төтенше жағдайдан кейін енді ұшқалы отырған халықаралық рейстер 6 елге бағыт алмақ.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы