Бүгін түске таман еліміздегі сейсмикалық стансалар жер сілкінісін тіркелді. Дүмпудің ошағы бұл жолы Алматыдан 522 шақырым алыста, Қытай аумағында орналасқан. Ал Қазақстанда сезілгені туралы әзірге ақпарат жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы құтқару қызметі өткізген бұл оқу-жаттығу – ұдайы ұйымдастырылатын іс-шараның бірі. Бүгін олар зілзала салдарын жою, қиранды астында қалғандарды құтқару сынды операцияларды көрсетті. Бұл тұста қызметтік иттердің де біліктілігі сыналды.
Бетін ары қылсын, бірақ жер сілкінісінен кейін осындай үйінді астында қалып қойсаңыз, сол жерде, құтқару қызметі келгенше, артық қимылсыз жатқан жөн. Себебі қирандыдан кез келген бір кірпіш басыңызға немесе үстіңізге құлап басып қалуы мүмкін. Ондай жағдайда айналаға қарап, дауыстап, дыбыстар шығарып, темірлерді ұрып құтқарушылар жеткенше қимылсыз жатқан абзал. Ал көмектесіп жатқанда, сасқалақтамай, құтқарушыларға кедергі келтірмеген жөн.
Үйінді астындағы адамның орналасқан жерін анықтау үшін құтқарушылар міндетті түрде 1 минут тыныштық жариялайды. Сол кезде құрсауда қалғандардан қандай да бір белгі алудың бар амалы жасалады.
– Ең бастысы, дүрбелеңге берілмеу керек. Өз күшін сақтау керек. Астында жатқанда барынша ауаны үнемдеу қажет. Жиі айтылып жүр, «дабыл чемоданы» дайын тұрғаны абзал. Әрбір үйде, әрбір адамда болғаны дұрыс, – деді құтқару қызметінің құтқарушысы Ермек Балғабек.
Биыл Алматының құтқару қызметі шамамен 100 миллион теңгеге қиранды астынан адам іздеуге арналған құрылғы сатып алмақ. Ведомство өкілдері бұл жайлы былтыр жоспарланғанын мәлімдеді.
– Сескенуге негіз жоқ. Бұл құрылғыны жер сілкінісіне ғана байланысты емес, барлық төтенше жағдайда қолдануға алып жатырмыз. Жабдықтарды жаңартқанымыз маңызды, – деді құтқару қызметінің ресми өкілі Асқар Имандосов.
Айта кету керек, құтқарушылардың міндетіне сел, қар көшкіні секілді түрлі табиғи және техногенді апаттар да кіреді. Олар бар-жоғы 2 ай ішінде Алматы бойынша 639 рет шақыртуға барған. Жалпы 60-қа жуық адам құтқарылған.
Оразай Нұртайұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыдағы жер сілкінісі: ғалымдарды қандай мәселе алаңдатып отыр