Даудың басы болып отырған бұл аумақтың құрылысы 2011 жылы басталған
Алатау ауданына қарасты Қарасу шағын ауданының тұрғындары жыл басынан бері бір келісімге келе алмай отыр. Мұндағы мәселе – аумақтағы қоршау мен күзет қызметіне көрсетілген түбіртектегі қаржы. Оны төлеуге келісім бермедік деген көпшілік мүлік иелері бірлестігінің бұл әрекеті заңға қайшы дейді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі баяндайды.
Негізгі мәселе үй иелерінің аумақтағы қоршауға қарсылығынан, оған төленетін қаржының негізсіздігінен туындаған.
Даудың басы болып отырған бұл аумақтың құрылысы 2011 жылы басталған. Бүгінде бір бөлігі толық аяқталып, 305 отбасыға пайдалануға беріліпті. Ақпан айында келген коммуналдық төлем түбіртегінде 7000 теңге көлемінде артық сома шыққанын көрген тұрғындар істің мән-жайын анықтау үшін бірқатар мекемеге барған.
«Тұрғын үйлер қоршалмауы керек, жол барлығы ашық болуы керек, бірлестік заңсыз әрекет етіп отыр», – дейді наразы топ.
«Бізде тіркеуді растайтын құжаттар бар. Қалалық әділет басқармасына барлық тұрғындармен бірге құжат тапсырғанбыз. Енді келіп қарсы болып отырғандар прокуратура арқылы тұрғын үй инспекциясына арыз жазыпты. Олар аталған істің заңды екенін айтты», – деді мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Мұса Әлімханов.
Бұл аумақ мемлекеттің меншігі болғандықтан, әркім білгенін істей алмайды деген тұрғындар қарыздың кесірінен бірқатар қызметті ала алмай отыр. Есесіне, келісімсіз келетін түбіртекте ай сайын коммуналдық төлем үшін кемі 40-45 мың теңге көрсетіліпті.
«Неге екенін білмедім, Мұса мырза біздің шағын ауданнан мына үйлерді бөліп қарастырыпты. Біз коттедж қалашығы емеспіз, шатастырудың керегі жоқ. Сондықтан заң бойынша жан-жақты қоршап, жолды жабуға болмайды», – деді Алатау ауданының тұрғыны Елена Севостьянова.
«Келісім шарт жасамадық, менің артық ақша төлегім келмейді. Күзет қызметіне де, басқасына да қол қоймадық. Тұрғындардың келісімінсіз өздері білгендерін жасап жатыр», – деді Алатау ауданының тұрғыны Дарын Әліпов.
Тұрғындардың пікірі екіге жарылды. Бір топ артық шығынсыз, қоршау-күзетсіз күн кешуді талап етсе, қалған көпшілік қауіпсіздік үшін арнайы күзеттің болғанына қарсы емес.
«Тыныш, ешкім жоқ, ешкім кірмейді. Әр адамға сондай тыныштық керек. Сол үшін қоршау қойып бер деп жатырмыз. Енді бұл жер ашылса, өздеріңіз білесіздер, көліктер жүреді, балаларды еркін далаға шығара алмай қаламыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Бекзат Құлсарықызы.
Бұқара пікірі екіге бөлініп, соның негізінде сот процесі жүріп жатқанымен, әкімдік мамандары бұл мәселе бойынша әлдеқашан заң талабы орнатылып қойған дейді.
«Тұрғындарға заңға сәйкес түсініктеме берілген. Қазіргі таңда құрылыс біткеннен кейін мердігер компания уақытша қойған қоршауларды алады. Ары қарай ешқандай қоршаулар болмайды. Бұл жерде негізі жол, көшеаралық жолдар өтеді, оны қоршауға болмайды. Аудан әкімшілігі тарапынан ол жерге қоршау қоюға рұқсат берілген жоқ және берілмейді де», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.
Айта кетейік, Қарасу шағын ауданындағы бұл тұрғын үй аумағы мемлекеттік бағдарлама аясында өтініш бергендер үшін салынған. Аталған мәселе бойынша екі тарап та сот шешімін күтіп отыр.
Мадина Оқас, Ялкунжан Ашимжанов «Алматы» телеарнасы