Қалада «Игі істер марафоны» жалғасуда
Алматыда «Игі істер марафоны» жалғасуда. Бұл жолы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Ахметовтер әулеті аз қамтылған жанұяларға қаржылай және азық-түлік түрінде көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv
Төскейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ қоғамы ықылым заманнан отбасының беріктігі мен татулығына баса мән берген. Дәл осындай үлгілі жанұялардың бірі – Ахметовтер әулеті бүгінде өзге де отбасыларға қаржылай көмек көрсетіп, демеп жүр.
«Байқаудың жеңімпазы болған соң, отбасымызбен басқа да жанұяларға жақсылық жасауға шешім қабылдадық. Әкімдіктің көмегімен 5 жанұя таңдап алынды. Қала тұрғындары бейжай қарамай, аз қамтылған отбасыларға қолдан келгенше көмек берсе деймін», – деді «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Айсәуле Ахметова.
Үш ұрпақты тоғыстырған дәрігерлер әулетінің игі ісі тұрғындарға ерекше үміт сыйлағандай. Олар өз кезегінде аудан әкімшілігі мен Ахметовтер отбасына өз алғыстарын жеткізді.
«Наурызбай ауданы әкімі орынбасарына мың да бір алғыс! Себепші болып, мына кісілер келіп көмектесіп жатыр. Ахметовтар отбасына рахмет!» – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Әсел Өксікбаева.
«Инсульт алдым. Орындыққа сүйеніп жүремін. Өзім тік жүре алмаймын. Әкімшілік бізді осы үйге орналастырды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Шынар Айбасова.
«Айтатыным, осы отбасы биік жетістіктерге жете берсін. Наурызбай аудандық әкімшілігі осындай қайырымдылық істерді көп жасайды», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлжаһан Құбантаева.
Адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады. Отан – ортақ үйіміз десек, оның шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке бірлігін ұйыта ұстау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Таңелі Есіркепова, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы