Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары ереуілге шықты

29.03.2023 02:09

Жұмыссыздарға қолдау білдіру үшін олардың отбасы мен бала-шағасы да қосылған

Almaty.tv

Қазыналы түбекте отырып, екі қолға бір күрек таппай сандалып жүрміз. Бұл - екі күннен бері наразылыққа шығып, жоғарыдағыларға талап-тілегін жеткізе алмай жүрген Маңғыстау облысы Жетібай ауылы тұрғындарының жанайқайы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл – Жетібай жұртының алғашқы наразылығы емес. Осыдан 3 ай бұрын да жұмыссыздар ереуілге шыққан. Ол кезде жергілікті билік мәселе 25 наурызға дейін шешіледі деп уәде еткен. Уәде орындалмай, сөз күйінде қалды деп көпшілік тағы көтерілді. Мұнда 1960 жылы қазақтың алғашқы мұнай бұрқағы атқылап, содан бері қара алтын өндірісі тоқтаған емес. Өндіріс ошағының іргесінде уын жұтып, экологиядан зардап шегіп отырмыз деген наразы топ бізді тұрақты жұмыспен қамтысын деп талап қойып отыр.  

«Жергілікті халықта жағдай жоқ, жұмыс жоқ. Уын жұтып, зардап шегетін халық. Бізге өндірістен тұрақты жұмыс сұраймыз. Жетібай халқының талабы – осы. Ваканция талан-таражға салынбай, Жетібай халқына берілсін! Бізге Қарақиядан, облыстан емес, Жетібайдан тұрақты жұмыс керек», – деді Жетібай ауылының тұрғыны Дәулет Қалниязов.

Наразылыққа шыққандар қатары күннен күнге көбейіп барады. Жұмыссыздарға қолдау білдіру үшін олардың отбасы мен бала-шағасы да қосылған. Олар қазыналы түбекте отырып, екі қолға бір күрек таппай отырғанын айтты.

«Мен зейнетақыммен 8 адамды бағып отырмын. Балалардың наны жоқ. Халыққа жұмыс қайда? Алдарынан көкірегімді ұрып, жылап та шықтым», – деді Жетібай ауылының тұрғыны Толқын Бисенбаева.

Ереуілшілер мұнайгаз өндірісіне апаратын жолды жауып тастап, күндіз күннің астында, шаң мен желдің өтінде, ал түнде көз ілмей отыр. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аудан әкімі барды.

«Барлық Жетібай ауылы тұрғынын «Жетібаймұнайгазға» немесе НГДУ-ға кіргізу мүмкін емес. Оған қарамастан аудан көлемінде басқа да бос жұмыс орындары бар. Жеңілдетілген микро несие беру бағыты, қайтарымсыз грант беру арқылы да азаматтардың өзін-өзі қамту, кәсіпке баулу бағытында жұмыс атқарылып жатыр», – деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.

Мұндай жауапқа қанағаттанбаған халық наразылық білдіруін тоқтатқан жоқ. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтыр ауданда жұмыссыздар тізіміне енген 3,5 мың адамның 2 мыңы еңбекке араласты.Екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны тағы өсіп, 3 мыңға жетіпті. Жыл басынан бері тағы 900 адам өтініш берген екен.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан