20.02.2020: Алматыдағы перинаталды орталықта 22 ұл мен 22 қыз дүниеге келген

22.02.2020 02:15

Олардың ішінде үш егіз бар

Аlmaty.tv

Мегаполисте орналасқан қалалық перинаталды орталықта 20 ақпан күні 44 нәресте өмірге келген. 41 босану табиғи жолмен орын алып, оның 24-і кесір тілігі арқылы жүзеге асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тек, уақытынан ерте ота арқылы босанған 3 ана - егізді болып, жансақтау бөлімінде ем алуда. Қазіргі уақытта аналар мен сәбилердің жағдайларын дәрігерлер жақсы деп бағалап отыр.

«Бұл бір керемет, өте сиқырлы, бақытты, тамаша күн деп жатыр. Сондықтан осы біздің орталығымызда сол күні 41 ана босанды. Оның ішінде үшеуі егіз жүктілікпен дүниеге келді. Балалардың барлығы аман-есен, аналарының денсаулығы қанағаттанарлықтай», - деді қалалық перинатальді орталықтың акушерлік бөлім меңгерушісі Роза ҚАЙРАНБАЕВА.

Шығыс елдерінің сан құпиялары туралы айтылған болжамдарында 2 саны - бақыт пен сәттілік әкеледі делінед. Ал нумеролог мамандар адами құндылық пен жаңа өмірді білдіреді деген пікірде. Дәл осы күні босанған жүкті аналар сандардың сиқырына сенбесе керек. Екі ұлдан соң қызды болған Ағила мен егіз қызды болған Наталья сол күннің расымен де ғажайып болғанын айтады.

«Балаларым егіз болғандықтан мен мерзімінен бұрын аман-есен босандым. Шынымды айтсам, мен нумерология туралы ойламадым. Кейін білгенім 2 саны қуатты білдіреді екен. Қыздарымыз өскенде энергиялары тасып, арттарынан қуып жете алмайтын шығармыз», - деді егіздердің анасы Наталья ФАРАФОНТОВА.

«Менің екі балам бар. Осы үшіншім қыз болды. Толғағым қысып, 20 ақпан күні перзентханаға  түсіп отырмын. Өзім босандым. Қызым бақытты болады деп ойлаймын. Өзіме бақыт алып келеді. Осы датаға сенемін. Көбісі бұл күнді «айналы дата», «шексіздік күні» деп айтып жатыр», - деді Ағила НҰРЖАНОВА.

Десе де, сәбилерін құшақтарына басқан аналар қуаныштары қойнына сыймай, 2 саны балаларының өмірінде тек жақсылық әкеледі деп сенеді.

Бұл перинаталды орталықта күн сайын 20-дан астам нәрестелер дүние есігін ашады. Мұнда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері дүниеге уақытынан бұрын келген шақалақтардың денсаулықтарын осындай реанимация бөлімінде қатаң бақылауда ұстайды. Ал, кеше ғана құпиясы сырға толы 20 ақпан күні дүниеге келген нәрестелердің болашағынан зор үміт күтілуде.

Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы.