Қалада мониторингтік топтардың тексеріс жұмыстары бұрынғыдан да күшейтілді
Қалада мониторингтік топтардың тексеріс жұмыстары бұрынғыдан да күшейтілді. Енді әр апта соңында сегіз ауданның тексеріс тобы екіге бөлініп, шаһардың екі ауданын тексереді. Өткен демалыста 4 ауданның мониторингтік тобы Бостандық ауданының қаншалықты талапқа сай жұмыс істеп жақтанын анықтады. Түнгі рейд жұмыстары қалай өтті? Әлі де заңға бағынғысы келмейтіндер көп пе? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.
Әуезов, Медеу, Жетісу және Бостандық ауданының тексеріс тобы бірігіп, Бостандық ауданындағы заңбұзушылықты анықтады. Бекітілген ережеге сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түнгі сағат 22.00-дан кейін жұмыс істемеуі керек. Қор-қор шегуге тыйым салынған. Алайда жасырын жертөледе орналасқан бұл нысан ереженің ешқайсысын елемей, жұмысын жалғастырып келген. Енді бұл мекеме сәйкесінше жазаға тартылмақ.
«Біраз ресторандардың ереже бұзғаны анықталды. Сол бойынша жергілікті полициямен рапорт толтырылды. Ол рапортты біз ертең СЭС басқармасына жібереміз. Қазіргі таңда дерттің таралмауы мақсатында ресторан, кафе, мейрамханаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді Бостандық ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Талғат Құрманбеков.
Ал бұл нысан сыртқы есігін құлыптап, қулыққа барған. Алайда тексеріс тобы табандылық танытып, есікті ақыры аштырды. Мейрамхана келушілерге лық толы, әлеуметтік арақашықтық, маска тағуды тіптен ұмытқан. Мекеме әкімшісінен түсіндірме алынып, хаттама толтырылды. Сондай-ақ, қонақтарды тарқатып, мейрамхана жұмысын тоқтату талап етілді. Айта кету керек, шаһардағы мұндай ауқымды тексеріс тобының құрамында енді еріктілер де бар.
«Біз волонтер ретінде қазіргі таңда осы түнгі мониторингтік топтарға да қосылған болатынбыз. Демалыс күндері жұма, сенбі, жексенбі күндері біз осы әр аудандағы мониторингтік топтарға бір-бір волонтердан қосылып, барлық тексерістер дұрыс өтіп жатыр ма, шынымен де, осындай заңбұзушылық болып жатыр ма, түсіндірме жұмыстарына атсалысуға қосылған болатынбыз», – деді Қазақстан еріктілер лигасы ҚҚ қалалық филиалының төрайымы Бағдат Анарбаева.
Қаладағы қымбат мейрамханалардың бірі негізгі есігін жауып, келушілерді құпия есіктен кіргізіп отырған. Мұнда да талап етілген ережелерді ескерген ешкім жоқ. Алаңсыз көңіл көтеріп отырған меймандар тосыннан келген тексерісті көре сала, қаша жөнелді. Ал ресторан өкілдері әлеуметтік арақашықтық, бетпердені қоя бергенде, қарапайым тазалықты да сақтамаған.
Айта кетейік, қаладағы күшейтілген тексеріс жұмыстары ары қарай да жалғаса береді. Басты мақсат – індеттің одан әрі таралуына жол бермеу.
Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы