Ал ғалымдар Алтын Орда дәуірін зерттейтін арнайы ғылыми-орталық құру керек дейді
«Ұлық Ұлыс» жоспарына 40 түрлі іс-шара енген. Ал ғалымдар Алтын Орда дәуірін зерттейтін арнайы ғылыми-орталық құру керек деген пікірде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде Орта ғасырдағы Қазақстан тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүрген ғалым Талас Омарбекұлы Алтын Орданы зерттеу елде кенжелеп қалғанын жасырмайды. Тіпті дәл осы ғасырға ден қойып жүрген мамандардың аздығын алға тартады. Оның сөзінше бұған дейін Алтын Орда Ресей ғалымдарының зерттеу объектісі болып келген. Сондықтан да Алтын Орда Кеңес заманында жағымсыз суреттелген. Тарихшы, керісінше, Алтын Орда орыс княздіктерінің басын құрауға септігін тигізген дейді.
«Жалпы моңғол-татар шапқыншылығы, соның ішінде оның мемлекеті Алтын Орда жағымсыз бағаланды. Сондықтан 1991 жылға дейін тарихнамада біздің тарихшылар бұл концепциядан бойларын аулақ салды. Және бізде мамандар болған жоқ. Сондықтан да енді тәуелсіздік алғаннан кейін бас-аяғы 30 жыл уақыт өтті. Алтын Орданы арнайы зерттеп жатқан жастар бар, бірақ олар жаңадан ғана еңбектеніп жатыр», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас ОМАРБЕКОВ.
Бүгінде еліміздің білім бағдарламасында Алтын Орда тарихы тек 6-сыныпта ғана оқытылады. Талас Омарбекұлы сол мектеп жасындағы балаларға арналған оқулықты жасап шыққан авторлардың бірі. Оның айтуынша, ортағасыр тарихы жоғары оқу орындарында да өтілуі керек.
«Осындай жағдайда зерттеушілердің де қызығушылығы жоғары деңгейде болады деп айта алмаймын. Егер сенің кітабыңды оқымайтын болса, оның оқырманы жоқ болса, ол белгілі бір аудиторияға арналмаса, ондай зерттеудің бары не, жоғы не? Соған қарамастан біз «Қазақ елі» деген төрт томдық кітап шығардық», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас ОМАРБЕКОВ.
Ғалымды әріптесі әрі 13-19 ғасырлар тарихын зерттеуші Берекет Бақытжанұлы да қолдайды. Тарихшы Алтын Орда Еуразия аумағындағы көптеген мемлекеттердің тарихында ерекше орын алады дейді.
«Қазақстанның тарихнамасында ортағасырлық, ежелгі заман тарихы өте аз зерттелген. Мамандар жоққа тән. Ал жүйелі түрде мұның бәрімен жүйелі түрде айналысу үшін мен ойлаймын, Алтын Орда тарихын зерттейтін арнайы ғылыми орталық керек», - деді тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспонденті Берекет КӘРІБАЕВ.
Бұл - Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтуге кететін шығынның жартысы. Жалпы Ұлық Ұлысты насихаттауға қазынадан 3,5 миллиард теңге бөлу жоспарланып қойған.
Назкен Еркін, Қобылан Әлдибеков «Алматы» телеарнасы.