Басына тиген оқ әлі алынбаған тұрғын: Күдіктіге айналып кетемін бе деп қорқамын

 Almaty.tv
Almaty.tv
Көлікпен келе жатқанда жауған оқтан аман қалған азамат әлі күнге ешқайда жүгінбеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаңтар оқиғасында жараланған алматылық Мұстафа Дайрабай жәбірленушіден күдіктіге айналып кетемін бе деп қорқып отыр. 6 қаңтарда белгісіз біреулер оқ жаудырған, ал бас сүйегіндегі оқ әлі алынбапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

6 қаңтарда кешкі сағат 19.00 шамасында Назарбаев даңғылымен кетіп бара жатқан көлік оқтың астында қалып, соның салдарынан жүргізуші жараланады. Самайына оқ тиген Мұстафа Дайрабайдың сөзінше, сол сәтте көзі қарауытып, құлағы естімей қалыпты. Алайда дереу есін жиып, қасында болған досын қауіпсіз жерге алып шыққан.

«Көшенің жанында адамдар жүретін тротуар бар. Сол жаққа қарай қорыққанымыздан жүгіріп қаштық. 2-3 аялдамадай жерге жеткенде бір машинаны тоқтатып, ауруханаға апаруға көмек сұрадық. Ол кісі бізді ауруханаға жеткізді», ‑ дейді жәбірленуші Мұстафа Дайрабай.

Осы оқиғадан кейін қажетті ем-дом алған Мұстафаның денсаулығы бүгінде біршама жақсарған. Алайда жәбірленішуден күдіктіге айналып кетуден қорқып отыр. Сондықтан тәртіп сақшыларына жүгінбепті. Біріншіден, жараланғаным, екіншіден, намаз оқығаным өзіме қарсы соққы бола ма деп сескенеді. Ал заңгер мұндайда қорқудың қажеті жоқ, керісінше, заңға жүгіну керек дейді.

«Мұстафа ешқандай ланкестік топқа жатпайды. Ешқандай бүлік жасаған жоқ. Заңға қайшы әрекет жасаған жоқ. Ол жәбірленуші. Сондықтан Мұстафаға еш нәрседен қорықпай, дереу Бостандық аудандық Полиция басқармасына барып, арыз жазып, өзін жәбірленуші ретінде танытып, көлігін алып шығу бойынша арыз жаздырып, көлігіне келтірілген залалды әкімшіліктен ақшасын өндіру туралы арыз жазуы керек», ‑ деді халықаралық заңгерлік компанияның директоры Ғабит Өмірбеков.

Исламтанушы Қайрат Құрманбаевтың айтуынша, адамды намаз оқығаны үшін бүлікші деп айыптауға болмайды. Бұзақы әрекеттерге пенденің ұстанатын діні емес, ішкі сана-сезімі апаратынын жеткізді.

«Әрбір діннің талаптарын орындап жүрген, әсіресе намаз оқитын жастардың бәрін бүлікші, террорист деп айыптауға біздің хақымыз жоқ. Құранда намаз жамандықтан, арсыздықтан тыяды деген аят бар», ‑ деді исламтанушы Қайрат Құрманбаев.

Мұстафа секілді қаңтар оқиғасынан зардап шеккен бас ұрған азаматтарға заңгерлер ең алдымен, сабыр сақтауға кеңес береді. Егер өзінің кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар болса немесе өзінің кінәсіз екеніне сенімде болса, жақын жердегі полиция бөлімшесіне жүгінуге шақырады.

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров