Лаңкестер 18 өрт сөндіру көлігін зақымдаған, оның 5-еуі жөндеуге келмейді
Материалдық-техникалық құралдардың орнын толтыру үшін Төтенше жағдайлар департаментінің бюджетін қайта қарау қажет. Алматыдағы өрт сөндіру бөліміне барған қалалық мәслихат депутаттары осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар төтенше жағдай департаментінің өртенген көліктерін және тәртіпсіздік барысында басқа да бүлінген мүлікті қарап шықты.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде лаңкестер 18 өрт сөндіру көлігін зақымдаған, оның 5-еуі жөндеуге келмейді.
«Бұл жұмыс тез арада шешіледі деп ойлаймын. Қаражат жағы да қаралады. Міне, не болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Қайта қалпына келтіруге мүлдем жарамайды. Жаңасын сатып алу керек. Бұлар өткен жылы шығарылған жаңа техникалар болатын», ‑ деді қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Шәпенов.