Қазіргі уақытта арнайы құрылған 12 топ күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр
Жамбыл облысында пандемия басталғалы тойхана иелеріне 15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Дегенмен бұл шара халықты да, мейрамхана иелерін де тоқтатар емес. Керісінше амалы артылып, карантинде той жасаудың тың тәсілі пайда болған. Қазіргі уақытта мониторингтік топтар мейрамханаларды бақылап жүр. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает мән-жайды толыққанды баяндайды.
Қоғамдық бақылауға шыққан әкімдік пен топ өкілдері төтенше жағдай мамандарымен бірігіп тойхана есіктерін осылайша бұзуға мәжбүр. Себебі жұрт мейрамханаларда есікті іштен құлыптап қойып мейман күтетін болған. Бір күндік тексерістің өзінде мониторингтік топ өкілдері бірнеше тойдың үстінен түсті.
Қазіргі уақытта арнайы құрылған 12 топ күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр. Тәртіп бұзғандарға сол жерде хаттама толтырылып, айыппұл салынуда. Дегенмен қуанышын той етіп жасауға бұл шаралар кедергі емес. Қонақтар мейрамхана алдына көліктерін қоймай, іштен құлыптап 500 адамға дейін той жасай беретін болған. Тіпті, тексеру тобына сес көрсеткендер де табылыпты.
«Бақылау жұмыстарын барынша жиі жүргізіп жатырмыз. Мәселен, кеше бір күннің өзінде10 дерек тіркелді. Тойханаларда 500 адамға дейін жиналып жатыр. Жақында ғана осындай үлкен тойдың үстінен түстік. Той иелерінің өзі бізге тап беріп, қарсылық білдірді. Оларға қонақтардың арасында ауру жұқтарғандардың бар болуы мүмкін екенін түсіндірдік. Бір адам жүздеген адамға вирус жұқтыруы мүмкін. Түсінгісі келмейді», – деді қоғамдық бақылау тобының мүшесі Николай Чагай.
Жалпы демалыс күндері рейд барысында 49 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзғандарға хаттама толтырылды. Олардың ішінде, мейрамхана, кафелер мен түнгі клубтар сияқты кәсіптік нысандар бар. Мамандар жасырын тойларды жасау дәл осылай жалғаса берсе, инфекция қайта өршіп кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қоғамға қауіптің төнуі мүмкін екенін де айтып отыр.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан