Бұл көмекті алуға 784 мыңнан астам адамнан өтініш келіп түскен
Алматыда соңғы мәлімет бойынша 42 мың теңге жәрдемақыны 333 215 адам алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал бұл көмекті алуға 784 мыңнан астам адамнан өтініш келіп түскен. Олардың арасында қайтыс болған адамдардың атынан да өтініш бергендер болған. Дегенмен жәрдемақы алу үшін өтінім қабылдау әлі де жалғасып жатыр.
Алматылық Зарина Сарсекеева үш баланың анасы. Ол үйде отырып сауда-саттықпен, кондитерлік өнімдерді жасаумен айналысады. Бірақ карантин кезеңінде жұмысы жүрмей, табысынан қағылыпты. Зарина мемлекет тарапынан жәрдемақы беріледі деген ақпаратты естіген соң бірден өтініш түсірген. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтитын санатты таңдап, бірыңғай жинақтық төлем төлеген. Басында техникалық қиындықтарға тап болғанын да жасырмайды. Әйтсе де оған 42 500 теңге беру мақұлданған.
«Шотыма 42 500 теңге түскенде, қуанышымда шек жоқ еді. Әрине, өте қатты қуандым. Сол ақшаны бірден алып балаларға витамин алдым, иогурт алдым. Балаларым да, мен де, үй ішімізбен қуандық», – деді қала тұрғыны Зарина САРСЕКЕЕВА.
Заринаның қуанардай жайы бар. Өйткені оның бір баласы сырқат және оның күнделікті еміне қаржы керек. Кейіпкеріміздің сөзінше, қиын кезеңде ел тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолғабыс оның отбасы үшін өте маңызды.
«Көп рақметімді айтқым келеді. Осындай қолдау болғанға бәріміз қуанып отырмыз. Осының алдында сәуірдің басында әкімдіктен тағы бір көмек келді. «Азық-түлік себеті» дейді. Соны алдық. Оның ішінде бір, бір жарым айлық тамақ болды», – деді қала тұрғыны Зарина САРСЕКЕЕВА.
Мамандардың сөзінше, халықтан әлі де өтініштер қабылданады. Нақты шектеу мерзімі жоқ. Бірақ қазір жағдай едәуір тұрақталды дейді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасындағылар.
«Біршама кісі өзінің ақпараттарын қате берген және БЖТ кеш төлеп немесе кейін төлеп, ерте арыз берген. Сондықтан қателер бар. Оның ішінде ҚР шығып кеткен азаматтар бар, қайтыс болған азаматтар атынан өтініш бергендер бар. Оның бәрінен қайтару жұмыстары жүріп жатыр», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Жалпы бүгінге дейін Алматы қаласы бойынша 42 500 теңгені 333 мың 215 адам алған. Бұл – 14,2 млрд теңгені құрайды. Ал жәрдемақыны алуға қала бойынша 784,2 мың адам ниет білдірсе, 238,2 мың тұрғынның өтініші кейін қайтарылған.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы