Қаланың облыс орталығы болғанына жақында тура 1 жыл толады
Қонаевтың облыс орталығы болғанына жақында тура 1 жыл толады. Қазір онда 55 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр. Алдағы бірнеше жылда халық саны 200 мыңнан асады деген болжам да бар. Алайда соған лайықталып жасалған шаһардың жаңа бас жоспары әзірленгенімен, әлі күнге дейін бекітілмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Болашақта Қонаевта Алматыдағы университеттердің филлиалы ашылып, жүздеген әлеуметтік нысандар салынады деп көзделіп отыр. Облыс орталығы деуге заты да лайық болуы үшін шаһарды дамытудың бас жоспары әзірленді. Оны көпшілікке таныстырып та үлгерген еді. Алайда әзірге бекітілген жоқ. Қала әкімінің айтуынша, ол сараптамадан өтіп жатыр.
«Қонаев қаласының бас жоспары жасалып бітті. Енді басжоспарға келер болсақ, қазір өзіміздің салалы комитеттер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде құрылыс, сәулет сараптамасын өтіп жатыр. Одан өтіп болғаннан кейін, орталық органдар сараптамасынан өтіп болған соң, Үкіметке бекітуге жіберілетін болады», – деді Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев.
Қонаевта университет болмаған. Бірақ бас жоспарды жоғарыдағылар бекітсе, бос жатқан бұл аумақта оқу орыны, қажетті инфрақұрылым мен мәдени нысандар бой көтереді. Жаңа қала салынатын аймақ «Жаңа Іле» деп аталады. Қоғамдық-іскерлік орталық Қонаевтың солтүстік батысында орналасады. Бұл – ауқымды жоба. Ал қазір қаланың басқа тұсында көппәтерлі үйлер мен мектептердің құрылысы жүріп жатыр.
Қазір мұнда бюджет есебінен салынып жатқан 3 үйдің қабырғасы көтеріліп, құрылысы бітуге жақын. Әкімдіктегілердің айтуынша, қолданысқа күзде беріледі. Бұл аумақта болашақта 107 үй салынбақ.
Он алты жаңа тұрғын үй мемлекет есебінен салынады. Ал қалғанының құрылысын инвесторлар жүргізеді. Қонаев әкімшілік орталығы болғалы тұрғын саны да өсіп жатыр. Сондықтан халықты баспанамен қамту үшін осындағы пәтерді мемлекеттік бағдарламамен немесе ипотекамен беру қарастырылған.
«Бюджет есебінен салынған үйлер кезекте тұрған халыққа көзделген. Ал жеке инвесторлар салынған үйге келсек, біз олармен меморандумға қол қойып, инженерлік желілерін жүргізіп береміз, пәтерлердің 50 пайызын бекітілген мемлекеттің бағдарламасына сәйкес, шаршы метрінің бағасын қойып бізге сатады», – деді Қонаев қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ержан Тұрысбаев.
Қонаев – Қазақстан бойынша құмар ойындар ойнатуға рұқсаты бар екі қаланың бірі. Бұл бизнес бүгінде 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып, көп мөлшерде салық төлеп отыр. Сондықтан оларды көшіру немесе жабу мәселесі қарастырылмайды. Шаһар әкімінің айтуынша, қалада туризмді дамыту жоспарланып отыр. Қонаев 10 жылда адам танымастай өзгереді.
Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы