Құбыр жылына 6 рет жарылады: Алматы облысының тұрғындары ауыз суға зәру

21.10.2022 02:34

5 мыңнан астам халқы бар Қырғауылдыда судан бөлек, жол мәселесі де өзекті

Almaty.tv

30 жылдан бері ауыз су мәселесін көтерген Алматы облысы Қырғауылды ауылының жұрты бүгін әкімнің орынбасарын талап қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жұмадан бері ауыз суға жарымай отырған Қырғауылды жұрты бұл мәселені бірінші рет көтеріп жатқан жоқ. Талай рет жергілікті әкімдікке хат жолдап, табалдырығын тоздырған. Алайда одан еш нәтиже шықпапты. Себебі құбыр қайта жарылып, бүгінде ауыл кіреберісі ми батпаққа айналған.

«32 жылдан бері осында тұрамын. Ешқандай жол жасалмайды. Балаларымыз мектепке жуынбай барып жүр. 1 аптадан бері су жоқ. Құбыр жылына 5-6 рет жарылады», – деді Қырғауылды ауылының тұрғыны Айман Оразова.

«Осылай халық жиналған кезде, айқай шумен ғана жасайды. Оған дейін су ағып тұрады, арық сияқты. Бүгін ғана, міне, жасап кетті. Хамот кигізді де, қысты. Болды. Кетіп қалды. Ол ертең, қыстыгүні қайтадан жарылады», – деді Қырғауылды ауылының тұрғыны Ғалым Қапалбаев.

Су тапшы болғандықтан мұндағы тұрғындар суды бөшкемен тасып, оны кір жууға және дәрет алуға да қолданады. Алайда оның өзі кейде жеткіліксіз болып жататын көрінеді.

Тұрғындардың айтуынша, 5 күн бұрын жарылған құбырды жөндеуге жауаптылар бүгін ғана білек сыбана кіріскен. Оған дейін түрлі сылтау айтып, мардымсыз жауап беріп келген екен. Мердігер болса, құбырдың жиі жарылуына өз себебін келтіріп ақталды.

«Бұл - ішінен кабель өткізетін құбыр. Суға арналмаған. Сондықтан жарыла береді. Мына көше түгел солай. 500 метрдей жер. Не аяқ жағы жарылады, не мына жері жарылады. Әкімдік жоба жасап, ақшасын бөлсе, құбырды түгел ауыстыруға болады», – деді мердігер ұйым өкілі Жолдыбай Пазилов.

5 мыңнан астам халқы бар Қырғауылдыда судан бөлек, жол мәселесі де өзекті.

«1-кезең, су мәселесі бойынша құбыр тартып жатыр. 2-кезең басталса су беріледі. Жол мәселесі бойынша, биыл Қырғауылдыда 1-2 шақырымда жөндеу жүргізілді. Келесі жылға өтінім берілді. Келесі жылы ақша бөлсе, жасап береміз. Бұл жоспарымызда бар», – деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов.

Ауыл ішіндегі трансформатор мен құдықтар сынды қауіпті жерлердің де айналасы қоршаусыз, қараусыз жатқан көрінеді. Балаларының өмірі үшін алаңдаған жұрт әкімнің орынбасарынан осы мәселенің де реттелгенін талап етті. Алайда бұған қатысты ол нақты жауап бере алмады. Арнайы жоспардың барын, ауданға өтініш жолданғанын айтып, жиналған халыққа тағы да уәде беріп кетті.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы