Алатау ауданында қоғам белсенділері 40-қа жуық ағаш отырғызды

28.01.2020 02:37

Ағаштардың барлығын қала тұрғындары өз қаржыларына сатып алған

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Жыл басынан бері осындай ұранмен қоғам белсенділері ағаш отырғызуды бастаған болатын. Сол игі іс өз жалғасын тауып келеді. Алатау ауданының «Саялы» ықшамауданында «Табиғат» экологиялық одағының ұйытқысымен қалалық Жасыл экономика басқармасы және Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен 40-қа жуық қарағай ағашы отырғызылды.  Ауданның көркеюіне өз үлестерін қосуға жиналғандардың қарасы қалың болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Қыста егілетін бұл қарағай ағашы бірер жылда қаламыздың сәні болмақ. Тұрғындардың бастамасымен жалғасын тауып шараға қалалық әкімдік пен қоғам белсенділері қолдау көрсеткен. Игі істе бәрі қолдарына күрпек алып, 38 түп ағаш отырғызды.

«Жалпы, бұл бірлескен бастама болып табылады. Тимур Елеусізов және Алатау ауданы әкімдігі және Жасыл экономика басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Медеу саябағымен бірлесе отырып қолға алдық», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕК.

Күннің суығына қарамастан, мұндай игі бастаманы қолдап келгендердің қарасы қалың болды. Жыл басынан басталған шара аясында жалпы саны 111 түп ағаш егілген.

«Біз осы жұмысымызды 1 қаңтардан бастадық. Бұл іс-шара еріктілердің көмегімен өтіп жатыр. Олар өз ақшаларына ағаш сатып алып, отбасымен келіп отырғызуда. Көгаландырудың мақсаты –қаламыздың экологиялық ахуалын жақсарту. Бұл жер болашақта көптеген іс-шаралар өтететін саябақ болады», - деді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.

Қала экологиясын жақсарту мақсатында егілген ағаштардың барлығын қала тұрғындары өз қаржыларына сатып алған. Сіз де отбасыңызбен келіп, ағаш отырғызып, шаһарымыздың көркеюіне үлес қоса аласыз.

Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы