Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1997 жылы «ҚР астанасы Ақмола қаласы деп жариялау туралы» ҚР Президентінің жарлығы шықты
Бүгін – Ақмола қаласы ел астанасы деп жарияланған күн, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1997 жылы «ҚР астанасы Ақмола қаласы деп жариялау туралы» ҚР Президентінің жарлығы шықты. Содан бері аздаған уақыт ішінде елорда тотыдай таранды. Ұлт келбетіне, Тәуелсіздіктің нышанына айналды. Мемлекеттің мерейін үстем етті. Қазақстанның астанасы төрткүл дүниені толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.
«1997 жылы Ақмола қаласы туралы жарлыққа қол қоюым арқылы Қазақстанның астанасы болды. Мен сол жылдарды еске ала отырып, сол кездерде астананың болашағына күдікпен, күмәнмен қараған қызметтестер де болды. Бірақ олар жаңа астана өміріне бірінші күннен бастап-ақ белсене араласып кетті. Мен саясаткер және елдің басшысы ретінде, ел өмірін картаға тіктім. Біздің еліміздің қабілеттілігін бүкіл әлем қоғамдастығы, өзімнің алдымда дәлелдеп көрсетуге тиіс едім. Сонымен бірге біздер үлкен мәселелерді шешуде қабілетті екенімізді дәлелдеп бердік», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә, бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдедік. Қиын қыстау уақытта жаңа қала салу «мүмкін емес» деген күдікті сейілттік. Қысқа мерзім ішінде бас қала бой көтеріп, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналды. Әлбетте, Алатаудың баурайынан ерке Есілдің жағасына астананы көшіре салу жәй ғана ойдан тумағаны және оңай болмағаны айдан анық.
«Нұр-Сұлтан қаласы, сол кезде солтүстік облыстарда, орталық облыстарда экономикалық күйзелістер болды. Осы жерде қала салу арқылы сол экономика көтерілді, реформалар жүзеге аса бастады. 10 жылдың ішінде реформалар өз нәтижесін берді. Соның арқасында жаңа ұрпақ келді, қабілетті ұрпақ келді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.
Қаланың бас сәулеткері Нұрсұлтан Назарбаев екені елге аян. Оның идеясы мен ұсыныстарының арқасында елорда көз тартар бірегей келбетке ие болды. Астана мемлекетіміздің ең әсем қаласына, оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына айналды.
«Жағалауда Пионерлер сарайы деген болды, сол жерге жұрттың бәрін жинап, мен де қатыстым, Нұрекең қаланың болашағы туралы жоспарларын көрсетті. Сонда Есіл өзенінің бер жағында түк жоқ еді. Ол кісі осылай да осылай болады деп түсіндірді. Мен жасыратыны жоқ, ішімнен айтып отырғаны ертегі ғой, оған кім сенеді деп ойлап отырдым. Ал енді, мінекей, адам сенгісіз тамаша қала болды», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Сонымен қатар 20 қазан 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі құрылғанын айта кетейік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әкімшілік құрылымына ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімі енгізілді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан