Келіншекке біреулер жұмысқа орналасуға көмектесіп, баспана тауып береміз деп уәде беріп, алдап кеткен
Алматыда полиция қызметкерлері жалғызбасты анаға көмектесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
35 жастағы екі баланың анасы қалаға Алматы облысынан жақында көшіп келіпті. Келіншекке біреулер жұмысқа орналасуға көмектесіп, баспана тауып береміз деп уәде берген. Алайда ол сан соғып, кәмелетке толмаған екі перзентімен далада қалған.
Келіншекті Наурызбай ауданының тәртіп сақшылары тұрмысы нашар отбасылар мен қиын жағдайға тап болған жанұяларды анықтау барысында тауып, өз қамқорлығына алып отыр.
«Қазіргі уақытта бұл отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Ал балаларын мектепке орналастыруға көмектесіп жатырмыз. Алдағы уақытта да ювеналды полицияның қамқорлығында болады», - деді полиция департаменті ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Қазір полицейлер бұл отбасының атаулы әлеуметтік көмекті алуына да жәрдемдесіп, анасын жұмысқа орналастыруды қолға алды. Тәртіп сақшыларының бұл ісіне жалғызбасты ана алғыс білдірді.
«Мен үлкен алғысымды білдіремін. Себебі мен қиын жағдайға түсіп, далада қалған сәтте бұл кісілер қол ұшын созып, маған осылай пәтер жалдауыма, осылай өз-өзімді алып кетуіме көмектесті», - дейді жалғызбасты ана.