Алматыда қарияларға арналған бірнеше орталық жұмыс істейді

02.10.2020 04:00

Алматылық қарттар белсенді өмір сүреді

Almaty.tv

Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Қашанда ақсақалға төрінен орын беріп, үлкенін ардақтаған халықпыз. Олар шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем ететін ақылшысы. Бүгінде алматылық қарттар белсенді өмір сүреді. Бос уақытында спортпен шұғылданып, денсаулығына көңіл бөледі. Сондай-ақ, қалада қарияларға арналған бірнеше орталық жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алатау ауданының зейнеткерлері бүгін таңалакеуімінен тұрып Алматы-Арена алаңына жиналды. Бірі қолына скандинавтық жүруге арналған таяқшасын ұстаса, енді бірі таңғы жаттығу жасауға дайындалып келген. Олар мұндай пайдалы істі дәстүрге айналдырған.

Бүгінде қала аумағында 230 мыңға жуық қария бар. Жыл басынан бері 25 мың зейнеткер әлеуметтік көмекпен қамтылды. 1500 зейнеткерге шипажайға жолдама берілді. Қазір қала аумағында қарттардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында 9 белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істейді.    

«Бізде ол жерде 8 қызмет түрі көрсетіледі. Психологиялық, құқықтық, экономикалық, педагогикалық тұрмыстық қызметтер көрсетіледі. Карантин режимі жұмсартылған уақытта 65 жастан асқан қариялармен онлайн байланыс отырмыз. Ал, 65 жасқа дейінгілермен жұмысымыз сол қалпында қалды, жұмыс жалғасуда», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімінің басшысы Нұржамал Рысқұлова.

Қарттар күнін мерекелеу Әуезов ауданында да жалғасты. Замандастар мұнда би билеп, ән шырқап, арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Жиын барысында олар санитарлық талаптарды сақтауды да ұмытқан жоқ.

«30 күндік іс-шара кезінде бірнеше жұмыстарды жоспарладық. Оның ішінде компьютерлік оқу бар, тарихи орындарға саяхаттауды қойып отырмыз», – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Асқар Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, мереке қарсаңында алматылық қариялар скандинавтық жаяу жүруден жарысты.   Бұл жаттығу түрін олар бұрыннан меңгерген. Жеңіл спортпен айналысу кезінде таяқшаны екі қолға тірек етіп, сол арқылы таулы аймақтарда кедергілерден оңай өтуге машықтанады. Олар гимнастиканың егде адамдар үшін пайдасы көп екенін айтады.

«Жаттығудың арқасында денсаулығымыз жақсы болып қалды. Беліміз ауырмайды, тіземіз қақсамайды. Өзімізге жақсы нәрселерді алып жатырмыз», – деді зейнеткер Мамырбай Өскенбайұлы.

Қарияларымызға арналған марафон ауқымды түрде бір айға дейін жалғасады. Қазыналы қарттарымызға көрсетілетін құрмет мұнымен шектеліп қалмайды. Қарт адамға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.