Алматыда статистика бойынша 190 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді
Шағын және орта бизнесті төмен пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау локдауннан шыққан кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Алматы қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында осылай деді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта бизнесті несиелеуге 800 милилард теңге бөлінбек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын талқылау барысында алматылықтар басқа қандай ұсыныстар айтты? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Жыл басындағы жарияланған төтенше жағдай кезінде Алматыда 60 мыңнан астам орта және шағын кәсіп иелері жұмысын тоқтатқан. Күшейтілген карантин режимі кезінде де кәсіпкерлер локдаунға түсіп бірнеше проблема жинақталған. Соның бірі – несие. Еліміз бойынша кәсіпкерлердің кредиттік портфелі 5 триллион теңгеден асып отыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында кәсіпкерлерге көңіл бөлінгені бизнес өкілдерін қуантты дейді Нариман Әбілшайықов.
«6 пайызбен субсидия берілетін болады. Бұл дегеніміз – банкке төленетін субсидиялауды азайту мақсатында мемлекет бұл жүктемені өзіне алып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда Ұлттық банктен түсетін алгоритімді күтіп отырмыз. Алгоритімге байланысты біздің қаламызда карантиннен ең көп зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін құрастырып, оны Ұлттық банкке ұсынатын боламыз», – деді қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.
Айта кету керек, Алматыда статистика бойынша 190 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді. Оның 85 пайызы шағын және орта бизнес өкілдері. Алқалы жиында Жолдау жан-жақты талқыға түсті. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің де келесі жылға дейін 25 пайызға қысқартылуы мен жаңа Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құру елдегі бәскелестікті бір ретке келтіреді дейді.
«Монополияның арасында бәсекелестік болмағаннан кейін қарапайым тұтынушыға танып береді. Сосын дәлелдеп көр. Менің шығынып осылай дейді. Ал, енді осымен күресу үшін осыны жөнге келтіріп отыру үшін әлемнің, нарықтық бағасын егжей-тегжейлеп отыру үшін де, менің ойымша, арнайы мемлекеттік ұйым қажет», – деді саясаттанушы Айдос Сарым.
Онлайн-отырысқа мәслихат депутаттары, ардагерлер, медициналық қоғамдастық, еріктілер, сонымен қатар, бизнес қауымдастық пен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, ой пікірлерімен бөлісіп, бірнеше ұсыныстарын айтты.
Арнат Дүйсен, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы