Азат елдің Ата Заңына 25 жыл

27.08.2020 02:48

Атаулы күн қарсаңында еліміздің белді жоғары оқу орындарының ректорлары Конституцияның маңызын айтып берді

Almaty.tv

Биыл еліміздің Ата Заңына  25 жыл. Халықтың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданып, кейін қайта түзетіліп, толықтырылды. Бүгінде Конституция елдің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін айқындайды. Онда биліктің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі, бостандығына басты назар аударылған. Атаулы күн қарсаңында еліміздің белді жоғары оқу орындарының ректорлары Конституцияның маңызын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміз тәуелсіздігін алған тұста Ата Заңның қызметін Кеңес уақытында қабылданған заң атқарған еді. 1993 жылдың 28 қаңтарында тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы Жоғарғы Кеңестің сессиясында қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Кейіннен 1995 жылдың көктемінде жаңа Конституция қабылдау жұмыстары басталды. Нәтижесінде жалпыхалықтық референдум өткізіліп 30 тамызда елдің Ата Заңы қайта қабылданып, ол 5 қыркүйекте күшіне енді.

«Көптеген елдерде білім бағытында біздегідей баптар жоқ. Мына 30-бабында Конституцияның  Қазақстанның барлық азаматтарына орта білім тегін және міндетті. Бұл енді ұлт болашағына деген үлкен мемлекеттің қамқорлығы, жауапкершілігі. Барлық қазақстандықтарды біздің Ата Заң күнімен құттықтаймын. Әрі қарай да еліміз өркендей берсін деп айтқым келеді», – деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Қазақстан республикасының 1995 жылғы Конституциясы 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Бас құжат адамды және оның өмірі мен құқығын басты назарға алады.

«Ең бірінші, сол Конституцияда бекітілген құндылықтарымызды сақтайық. Бұл – адамның өмірі, адамның еркіндігі, қазақстандық патриоттық және өзіміздің барлық құқықтарды сақтауға және сол құқықтарды басқалардың құқығын қорғауға бүкіл өзіміздің мүмкіндігімізді  беруіміз керек деп ойлаймын. Сол себепті барлықтарыңызға Конституция күні құтты болсын. Алдағы уақытта да осы негізігі Заңымыздың арқасында, басқа заң жүйеміздің арқасында еліміз өркендеп, халқымыз өсіп-өркендей берсін», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев.

Бүгінде жаңарған Конституция – елдің негізгі құндылықтарын айқындайтын құжат. Ата заң баптарын ұғынуда және оларды түсіндіруде Конституциялық кеңестің атқарар орны ерекше.

«Қазақстан Конституциясы – үздік әлемдік тәжірибені тарихи және ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп тәуелсіздігіміздің тұғырын берік етіп және қоғамдағы ауызбірлікті сақтауға өз үлесін қосуда. Ата Заңымыз әлемде дамуға және жоғары мәртебеге ие болатынымызға кепілдік болып келеді», – деді Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева.

«Жас мамандарға тәрбие бергенде негізгі заңымызбен ол маманды ғана дайындау емес, ол мына елге қызмет ететін маманды дайындау. Сол тарапта Конституция заңында көп мүмкіндіктер жазылған. Қазақ елімді үлкен мейраммен құттықтаймын. Алдымызға қойған мақсаттарымызға жетіп Қазақстан марқая берсін», – деді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Раиса Өскенбаева.

Жалпы Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер 1998 жыл мен 2007 жылдар аралығында енгізлді. Бүгінде сол жаңашылдық саяси жүйе, мемлекеттік басқару және азаматтық қоғамды өркендетудің жаңа парақтарын ашты.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, Арсен Сандыбаев , «Алматы» арнасы