Кәріз жүйесі нақты қашан жүргізілетіні белгісіз
Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғындары жуындының иісін жұтып, тұншығуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарғалы ауылындағы Молдабек Тойлыбаев көшесі құдды бір кәріз құдықтарын салуға арналғандай. Жол жиегінен осындай қазылған шұңқырларды жиі кездестіресіз. Кейбіреуінің тіпті беті жабылмаған. Сасық су тұрғындардың да тыныш өмірін бұзған. Олардың айтуынша, жиектегі септиктерді көршілес тұрған көпқабатты үйдің адамдары жасаған. Кәріз шұңқыры да беті ашық күйі жолдың бойында тұр. Жанында балабақша орналасқан. «Лас судың иісін айтпай-ақ қояйық, осы жермен әрі-бері өтетін балалар үшін қорқып отырамыз» дейді халық.
«Үйімізде кемпір бар. Әке-шешеміз далаға шығып отыра алмайды. Канализацияны көп өабатты үй тұрғындары қолдан істеп алды, көшеге шығарып, қоршап алды. Көшеміз тар әрі асфальт жоқ», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Қызғалдақ Жанұзақова..
Халықты жол мәселесі де шаршатқан. Асфальт салдыра алмай жүргенімізге бірнеше жыл болды деп кейіді жұрт.
«Жолда мына балаларға қиын ғой. Оқушыларға қыстың күні қиын. Жер тайғақ, иттер бар. Әрқайсысының әке-шешесі күтіп алуға қолдарына таяқ ұстап шығады», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Серік Қозыбағаров.
Ал көпқабатты үйдің тұрғындар айтуынша, қолқаны қабатын иіске өздері де шыдамайды. Орталықтандырылған кәріз жүйесі жойылған.
«Бұрын кеңес үкіметі кезінде мына үйлердің орталық канализациясы, жылуы, суы болды. Қазір міне әркім өз күнін өзі көреді. Әкімдікке барсақ, олар жоқ демейді, бірақ бүкіл ауылға жасамаймыз дейді», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Гүлбаран Есмағұлова.
«Кәріз құбыры жүріп тұрған жердің бәрі 20 жыл бұрын сатылып кетті. Мына екіқабатты үйде тұратын халық орталық кәрізсіз қалды. Соның кесірінен осындай былыққа баттық. 8 пәтер бар бір үйде. Бәрінде зейнеткер тұрамыз. Лас суды шығару үшін бірігіп ақша жинаймыз, оны жасауға біздің қалтамыз көтермейд», – деді Қарғалы ауылының тұрғыны Надежда Макриди..
Бұл мәселе бүгін ауылдағы Мәжіліс депутатының кездесуі кезінде де көтерілді. Орталықтандырылған кәріз жүйесі нақты қашан жүргізілетіні белгісіз. Бірақ әкімдіктегілер түйткілді шешуді енді ғана қолға алыпты.
«Біз жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге өтінім білдірдік. Қарғалы ауылына толығымен. Биыл біз Жұрынов, Молдабек, Абай, Бекетаев, Сүйінбай көшелері орташа жөндеуден өтіп, асфальт төселетін болады», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов..
Сөйтіп, кәрізі көп Молдабек Тойлыбаев көшесіне асфальт биыл түседі. Ал халықты тыңдаған депутат Әлия Әбсеметова мектеп, мәдениет үйін салу сияқты мәселелерді жеке бақылауыма аламын деп уәде етті. Өйткені ауылда 5 мектеп болса да бала көп, орын жетпейді. Жаңа білім ордасының құрылысы келесі жылы басталмақ.
«Мәдениет үйін, спорт кешені, жол мәселесін біз Аманат партиясының жол картасына кіргізген болатынбыз. Жоспарда тұр. Енді мектеп мәселесі шешіледі деп есептеймін, Наурыз ықшамауданында салынайын деп жатыр. Ұзынағашқа қарай мәдениет үйі, спорт кешені де салынады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Әбсеметова.
Сондай-ақ халық көп жүретін жерлерге 30 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы