Оның айтуынша, содырлар полицияның әрекет ету нұсқаулығын жақсы білген
Шабуылдың басты мақсаты мемлекеттік институттарды жою. Сондай-ақ билікті басып алу болды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент қаңтар оқиғасында содырлардың елде лаң салуына қалай жол берілгенін атап өтті.
"Қазір өткен жағдайға қатысты талқы жүргізіп жатырмыз. Мұндай жағдайға біздің құқыққорғау органдарының бірігіп әрекет ету алгоритмі болмай қалғаны анықталып отыр. Мемлекет басшысы ретінде бірнеше оқу-жаттығуға қатыстым. Командалық штабтық, әскери және тағы басқа жаттығуларға. Бұл жаттығулардың барлығы елде болған жағдайға мүлде қатысы жоқ. Әрекет ету алгоритмі жоқ. Әдетте біз бейбіт шеруге шыққандарға қатысты қару қолданылмасын дейміз. Полиция өзімен бірге қару алып жүре алмайды. Оларда дыбысты граната, көзден жас ағызатын газ және су шашу көліктері болды. Ол көліктер қолданылмады, өйткені оны бандиттер басып алды", - деді Президент.
Оның айтуынша, содырлар полицияның әрекет ету нұсқаулығын жақсы білген. Оның ішінде шерушілерге қарсы қару қолданылмайтынын жақсы білген.
"Мұның барлығы операцияның алдын ала дайындалғанын көрсетеді. Жас десантшылар қатты зардап шекті. Олардың қолында да қару болмады, тек күрек пен сойылдары ғана болды. Оларды ұрып-соғып, киімдерін тартып алып, Президент резиденциясына шабуыл кезінде оларды тірі нысан ретінде пайдаланды. Оған қоса әйелдерді де пайдаланды. Тергеу амалдары көрсеткендей содырлар шабуыл кезінде есірткі қабылдаған. Соның арқасында денесінің ауырғанын сезбеген. Кейін әскерилер аяқтарынан атқанда жерге құлағанымен, қатты ауырсынбаған. Мұның барлығы операцияның мұқият дайындалғанын көрсетеді", - деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ бандиттердің бір тобы Алматыдағы бес жұлдызды қонақүйде жатқанын айтты.
"Содырлар қымбат қонақүйде жатқан. Олардың орнын кім төлеп отырды? Оған қоса өздерінің командалық штабын «Қазақстан» қонақүйінің бірінші қабатқа орналастырған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бұрын ойға келмеген деректер ашылып жатыр. Бұны ұйымдастырушылардың артында кімдер тұрғанын білмеймін, оны тергеу амалдары көрсете жатар. Содырлардың көбі, оның ішінде командирлері елден кетіп қалған. Кейбірі ауылды жерге кетіп қалды, енді бірі шекара арқылы көрші елдерге өтіп кетті. Кейбірі сақалын алып, көпшіліктің арасына сіңіп кетті. Ұсталғандары біз жай өтіп бара жатқан адамбыз деп жатыр", - деді Президент.
Дереккөз: baq.kz