Жаңа ережелер жаңа жылдан бастап күшіне енеді
Ішкі істер министрлігі заңға осындай түзетулер енгізбекші. Осы тақырыпта өткен брифингте айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіретін пәтер ұрлығы мәселесі көтерілді. Қылмыстың бұл түрімен айналысқан 150 адамнан тұратын 50-ге жуық ұйымдасқан топ ұсталған. Бұл, негізінен, облыстан-облысқа көшіп-қонып жүрген ұры-гастролерлер мен еліміздегі пәтерлерді ұрлап, тонап жүрген шетелдің азаматтары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, осыған қатысты 43 ұйымдасқан топ ұсталған. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары да бар. Ал, 6733 қылмыскердің 4120-сы қайтара ұрлық жасағаны үшін тұтқындалған. Сол себепті ұрлықты қайталағандардың ісін ауыр қылмыс санатына енгізу көзделіп отыр. Мәселен, шетелдің тәжірибесін келтірген ішкі істер министрлігінің өкілі Өзбекстанда пәтер ұрлығы қайталанған жағдайда 15 жылға дейін сотталады.
«Егер бір қылмыскер бір баппен бір емес, екі-үш қылмыс жасаса, ауыр қылмысқа саналады. Сондықтан оның жазасын өтеу мерзімі де 2 жылдан 7 жылға күшейтті. Егер қылмыскер пәтерге кірсе, құны миллионнан асатын, 1,5 миллион не 2 миллионнан астам ұрлық жасаса, ол адам қамауға алынады. Келісу жоқ», - деді ҚР ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің басқарма бастығы Нұржан РАХМЕТУЛЛАЕВ.
Сондай-ақ, келер жылдан бастап еліміздегі ломбардтардың қызметіне өзгерістер енгізілмек екен. Нұржан Рахметуллаевтың сөзінше, қолды болған заттардың басым бөлігі дәп осы ломбардтарға тапсырылады. Сондықтан енді ломбардтар микронесиелеу ұйымдарына жатқызылмақ. Демек, несие бюросына кепілдік мүлік туралы барлық мәліметті беруге міндеттеледі.
«Бұрында ұрланған заттар, алтын бұйымдар ломбардқа өткізетін. Соны біз көре алмаймыз. Оған соттың санкциясы керек. 1 қаңтардан бастап жаңа заң күшіне енеді. Сол кезде бізге бүкіл базаны қарауға болады. Ұрланған заттарды табуға ол көп мүмкіндік береді», - деді ҚР ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің басқарм бастығы Нұржан РАХМЕТУЛЛАЕВ.
Жаңа ережелер жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Осылайша, ұрлық-қарлықтарға байланысты қылмыстардың беті жылдамырақ ашылады дегенге тәртіп сақшылары бек сенімді.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан