Қалада «Біз біргеміз» акциясы аясындағы іс-шаралар әрі қарай да жалғасып жатыр
Алматыда тағы 200 отбасы тегін азық-түлікпен қамтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалада «Біз біргеміз» акциясы аясындағы іс-шаралар әрі қарай да жалғасып жатыр. Бұл жолы Қытайдан келген қандастар да қысыл-таяң кезде елмен бірге екенін көрсетті. Қалада былтырдан бері тұрып жатқан Гүлшар Майкен есімді қандасымыз отбасымен бірге бар жиған-терген қаржысын қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарған. Олар 2 млн теңгеге ең керекті азық-түлікті сатып алып, әлеуметтік жағдайы әлжуаз, көпбалалы, жалғызбасты қарттар мен аналарға таратып берді.
«Өз Отанымыз үшін отбасымыздың атынан өз үлесімізді қосайық деп 200 отбасыға осындай көмек атап отырмыз. Ұлымның жинаған ақшасын, одан кейін отбасымыздың ақшасын – бәрін басын құрадық та, енді барымызды халықпен бөлісейік деген оймен осылай жасадық. Бұл коронавирусты да жеңіп, жеңіске жетеміз. Халқымды ынтымақ, берекеге шақырамын», – деді кәсіпкер Гүлшар МАЙКЕН.
Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын отбасыны «Нұр Отан» партиясы да қолдады. Ал еріктілер жүктерді тұрғындардың есігіне дейін жеткізіп берді. Әр отбасыға ұн, күнбағыс майы, макарон, күріш, қант сияқты 25 келіден асатын азық-түлік үлестірілді.
Медет Бекбергенова, «Жас отан» жастар қанатының еріктісі:
– Үйде жатқаннан гөрі адамдарға көмектесіп, мемлекетке деген бір пайдамыз, үлкен кісілерге көшеге шықпас үшін бір пайдамыз тисін деген ниетпен бәріміз осы жақта жүрміз.
Сандуғаш Мырзабекқызы, көпбалалы ана:
– Осындай індет кезінде акция жариялап, көпбалалы аналарға және зейнеткерлерге көмек берілуін әлеуметтік желілерден көріп ішім қуанады. Барлық адам қазіргі індет кезінде осыған мұқтаж болып отыр. Рахмет сіздерге!