Осы ретте ол ұзақ сақталатын тауарларға басымдық берілетін болады деді
Балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік пакет дәрумендерге бай тағамдардан тұрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Аукенов Сенатта өткен отырыс барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау және білім министрліктерінің мамандары пакетті ақшамен алмастыруға түбегейлі қарсы.
«Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті бастапқыда талқылағанымызда мамандар пакетті ақшамен алмастыруға түбегейлі қарсы екендіктерін жеткізді. Олар монетизация мәселені шешпейтінін алға тартты. Атаулы әлеуметтік көмек арқылы ақша беріледі. Орташа алғанда бір балаға 10 мың теңгеге дейін. Көп балалы аналарға жәрдемақы да ақшалай. Мәселен, премиум-кластағы азық-түліктер бар. Қымбат болғандықтан, көбі ала алмайды. Басқамен алмастырады. Нәтижесінде созылмалы ауруларға шалдығады. Сондықтан пакетке дәрумендерге бай өнімдер енуі керек», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан АУКЕНОВ.
Вице-министрдің сөзінше, әлеуметтік пакетті шалғайдағы елдімекендерге жеткізуде де Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары ескеріледі. Мәселен, оңтүстік өңірлерде жазда 50 градусқа дейін, ал солтүстік аймақтарда керісінше, қыста -40-қа дейін барады. Осы ретте кепілдендірілген әлеуметтік пакетті екі мәрте қайта қарасытырып, тез бұзылмайтын тауарларға басымдық берілетін болады деді.
«Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттегі азық-түліктер дәрумендерге бай болмақ. Бұл – негізінен тамақ емес, ағзада жетіспейтін заттарды толтыратын витаминдер. Авитаминоз, рахит сынды, балалар дерттерінің алдын алуға сеп болатын дәрумендер көп», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан АУКЕНОВ.