Халықаралық қарттар күні қалалық «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарында да аталып өтті. Көпті көріп, ұзақ жасаудың сыры – белсенді қозғалыс. Бұл – осы орталыққа келетін зейнеткерлердің басты қағидасы. Мұнда егде жастағы жандар өз замандастармен бас қосып, түрлі спорт, би және қолөнер түрлерімен айналысады. Жергілікті қарттардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мекеменің келушілер үшін әрдайым есігі ашық. Орталықтың бір күндік өмірімен Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай танысып қайтқан еді.
Бостандық ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығына мыңнан аса зейнеткер келіп жүр. Мекемеге тіркелген кез келген қарт кісі мұнда 20 қызмет түрін тегін ала алады. Алайда қазір карантиндік шектеулерге байланысты сабақтардың барлығы онлайн форматта өтуде.
«Біздің орталықта жоғары деңгейде дайындықтан өткен жаттықтырушылар жұмыс істейді. Олардың құрамында 5 ғылым кандидаты мен бір спорт шебері жұмыс істейді. Биыл ашылсақ та, мұнда келетін зейнеткерлердің саны көп. Оларға бұл орын қатты ұнайды», – деді Бостандық ауданы «Белсенді ұзақ өмір» орталығының басшысы Қалимаш Рақымбаева.
Орталықта зейнеткерлер үшін айкүне, йога, заманауи және классикалық би түрлері мен вокал сабақтары қарастырылған. Сондай-ақ, мекеме мүшелері ағылшын тілін меңгеріп, тіпті, компьютерлік сауатын аша алады. Онымен қоса, орталықта психолог және гериатр мамандары жұмыс істейді.
Дәл қазір біз Айкүне атты жаттығу түрімен айналысудамыз. «Қазақ гимнастикасы» аталатын технология омыртқа және буын ауруларын емдеуге үлкен септігін тигізеді екен. Бұл жаттығу түрі орталыққа келетін зейнеткерлер арасында үлкен танымалдыққа ие.
Айсұлу Әбішева орталық ашылғалы бері гимнастикалық жаттығуларды жанына серік етіп келеді. Алғашында 67 жастағы әжейдің денсаулығы жиі сыр берсе, қазір күрделі жаттығуларды еш қиындықсыз жасайды. Тіпті, дәрі-дәрмек қабылдауды да қойған.
«Қоғамнан жеке қалдым деген ойдан арылу үшін біз орталыққа жиналамыз. Бұл жерде бізге қамқорлық жасап, айкүне, скандинавиялық жаяу жүру түрі, йога, сурет салу, әркім өз қалауымен жұмыс істеуге, ортаға икемденуге, ұзақ, уайымсыз, қайғысыз өмір сүруге үйретіп жатыр», – деді қала тұрғыны Айсұлу Әбішева.
Сондай-ақ, осындай жиын орталықтың Наурызбай ауданындағы филиалында да өтті. Мерекелік шарада зейнеткерлердің бірі ән шырқаса, мың бұралған бишілер өнерлерін паш етті. Осыдан бір жыл бұрын ғана ашылған орталыққа қазір 2 жарым мыңнан аса зейнеткер барады екен.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы