Алатау ауданында көпбалалы аналар қатары 38 адамға толықты

Алатау ауданында көпбалалы аналар қатары 38 адамға толықты
Ауданда жалпы 462 «Алтын алқа» және 840 «Күміс алқа» иегерлері тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жеті ана «Алтын алқа» тақса, 31 келіншек «Күміс алқа» иегері атанды. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марапатталған нәзік жандардың дені жас. Құттықтауда болған әйелдер шашу шашып, ыстық ықыластарын жаудырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиын алдында аудан әкімі әрбір отбасының берекесі – әйелдердің бала тәрбиесіндегі рөлі мен қоғамда алар орнын ерекше атап өтті. Мемлекеттік наградаға ие болғандардың медальдарына қоса сыйлықтар табыс етілді.

«Сіздерге бала-шағаларыңызға амандық, өсіріп, жетілдіріп, соларды жайнатып, жарқыратып жүрулеріңізге тілектеспін. Шын жүректен, шын ниетпен», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ .

Аудан әкімінің қабылдауына келген аналардың қуанышында шек жоқ. Қазақ халқы ұрпақ санын көбейтуге қашан да аса мән берген. Бұл құндылық қоғамда бұзылмас заңдылыққа айналып келеді дейді «Алтын алқа» иегерлері.

«Бала деген ол ананың қуанышы ғой. Баланы дүниеге марапат алайын деп әкелмейсің. Өзің үшін, отбасың үшін, елге, халыққа қызмет ететін бала тәрбиелейін деген ниетпен алып келесің. Сол ниетімізді ескеріп, осындай марапат беріп жатқанына сансыз шүкір айтамыз», - деді «Алтын алқа» иегері Нұрбибі ИМАНБАЕВА.

"Бүгін көңіл-күйім өте тамаша. 2020 жыл жақсы басталып жатыр. Баланы медаль алу үшін туып жатқан жоқпыз. Халықтың санын көбейту керек" – деді «Алтын алқа» иегері Шынар ДӘУЛЕТБАЕВА.

Алатау ауданы бойынша 462 «Алтын алқа» және 840 «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Былтырдан бері тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасы, «Іскер ана» мен «Менің кәсібім» жобалары тұрақты жұмыс істеп келеді.

Қуан Нұрақын, Ескендір Тоғыспаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров