Алматы облысында «Қызыл кітапқа» енген жануарды құтқарған тұрғын марапатталды

05.11.2020 03:38

Тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған еді

polisia.kz

«Қызыл кітапқа» енген жануарды құтқарған Ұйғыр ауданының тұрғыны марапатталып, сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін жабайы аңды баққаны үшін істі бола жаздаған аудан тұрғынының үстінен тергеу амалдары жүргізілген еді. 30 қазанда ауданның тәртіп сақшыларына тұрғындардың бірі ауласында тұқымы құрып кету қаупі бар жабайы аңды асырап жатқаны туралы хабар жеткен. Тексеру кезінде  қарақұйрық екені анықталып, тәркіленіп алынған.  Ал, Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, бірден тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бірақ малшының аяғы жараланған жабайы лақты қыс мезгілінде даладан үйіне әкеліп, сиыр сүтімен баққаны анықталған. Алайда аудан тұрғынының бұл әрекеті табиғи байлыққа қол сұғу емес, керісінше, оны қорғауға бағытталған игі іс деп танылып, қылмыстық іс тоқтатылды.

Еске сала кетейік, тәркіленген қарақұйрық лағының Алматы зообағына тапсырылғанын хабарлаған болатынбыз